Айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Massaget.kz Қазақстан Жазушылар Одағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында туған. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақша оқып, білім алған.
1961 жылы М.Мәметова атындағы педучилищені (Қызылорда), 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін (қазақ бөлімін) бітірді. Жазба да, айтыскер де ақын болды.
1963 жылы Қызылордада облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер болды. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілді ("Айтыс", режиссері Т.Дүйсебаев). Жамбыл аудандық (1965, 1978), Алматы облыстық (1977, 1979) айтыстарына қатысып, әріптестерін жеңді.
1963–1985 жж. газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы, мектепте мұғалім болған.
1985 жылдан Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев мұражайының директоры. Алғашқы өлеңдері Қызылорда облыстық "Ленин жолы" газетінде 1958 жылы жарияланды. Өлең-жырларының жинағы екі дүркін жеке жинақ болып ("Елім менің", 1962; "Көңіл хошы", 1970) басылды. Соңғы жинағы үшін Қазақстан комсомолының сыйлығы берілді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз