Бектенов туралы не белгілі: 43 жаста, мамандығы - заңгер

Бектенов туралы не белгілі: 43 жаста, мамандығы - заңгер
Фото: Тұрар Қазанғапов

Бүгін Amanat партиясы Олжас Бектеновті премьер-министр кандидатурасына ұсынды. Massaget.kz тілшісі Бектенов туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

  • Негізгі мамандығы - заңгер

Олжас Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 43 жаста. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Ақорда

  • Еңбек жолын бас маман болып бастаған, бірнеше марапаты бар

Ол еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. 2005-2006 жылдары премьер-министр кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшы қызметтерін атқарған.  

Бектенов Президент әкімшілігіне 2006 жылдан бастап келді. Кейін бұл қызметте 2009 жылға дейін жүрді.

Ол - 2009-2012 жылдары Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болса, 2012-2014 жылдары Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің орталық аппаратында департамент бастығы қызметін атқарды.

2015-2016 жылдары Президент әкімшілігіне қайта келді, дәлірек айтсақ, Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президенті Әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі болды.

Ал 2016 жылдан бастап Антикорға келіп, 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болды.

Антикор

2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.

Бектенов бір жыл көлемінде Антикорды басқарды. Яғни 2022 жылғы ақпанан 2023 жылғы сәуірге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.

Былтыр 3 сәуірде Мемлекет басшысының жарлығымен Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Ол ІІ дәрежелі "Айбын" (2014) және "Даңқ" (2021) ордендерімен наградталған.

  • Бектенов бұрынғы қызметтерінде не айтты?

Бектенов Президент әкімшілігінің бастығы қызметін атқарды. Сұхбаттарының бірінде ол Президент әкімшілігінің барлық қызметкерінің басты міндеті Мемлекет басшысына өкілеттігін жүзеге асыруға көмектесу екенін айтқан еді.

"Кейбір әріптестерім менің қазір бүкіл мемлекеттік аппаратта орынбасары жоқ жалғыз басшы екенімді айтып әзілдейді. Бірақ әкімшілік одан тек пайда көргеніне сенімдімін", - деген еді ол.

Tengrinews

Ал Антикор төрағасы болып жүрген кезіндегі сұхбаттарының бірінде өзіне пара ұсынғандар болғанын айтқан еді.

"Әрекеттер болды, жасыратын ештеңеcі жоқ, бірақ бастысы өзіңізді заң бойынша әрекет етуге үйрету керек. Содан кейін орта да үйрене бастайды. Әрекеттер болды, оларды қатаң түрде тоқтатасың. Содан кейін адамдар бұл мәселеге жақындамаған дұрыс екенін біледі", - деген еді ол.

Сонымен қатар, шенді қызметте жүргенде кез келген шешімге дайын болуың керегін мәлімдеген болатын.

"Менің ойымша, өзің үшін таңдау жасасаң, мемлекеттік қызметте, жоғары саяси мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істесең, осындай (қиын - еск.) жүктемелер мен шешімдерге моральдық тұрғыдан дайын болуың керек. Егер мемлекеттік қызметте жұмыс істесең, осы міндетті өз мойнына алсаң, жұмыс істейсің, шешім қабылдайсың, тіпті ойланбайсың", - деген болатын Бектенов.

  • Жеке өмірі туралы не белгілі?

Ашық дереккөз мәліметтерінде Олжас Бектенов үйленгені, үш бала тәрбиелеп отырғаны айтылады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова