Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқыны кезеңінде жалған ақпарат тарату дерегі болмас үшін Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындарына ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласындағы жағдайға тоқталды.
"Жем өзеніндегі судың деңгейі азайып жатыр. Өзеннің тасуына байланысты 2920 үй су астында қалды. Ондағы суды сорып, қауіпсіз аймаққа шығару жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 1 млн текше метрден асатын су шығарылды. Нәтижесінде 518 үйді және 55 әлеуметтік нысанды су астынан шығардық. Қалған жұмыстар 24 сағат бойы жүргізіліп жатыр. Осы аптаның аяғында осы жұмысты аяқтауды жоспарлаудамыз.
Су астынан босаған үйлер мен жерлерді дезифинциялауға кірісіп кеттік. Әскерилерді де осы жұмысқа тартып жатырмыз", - деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жалған ақпарат тарататын құлсарылықтарға ескерту жасады.
"Құлсары қаласы бойынша әлеуметтік желіде теріс ақпарат көп. Халықпен жұмыс істеу керек, ал арандатушыларды заң бойынша жауапқа тартыңыздар", - деді Олжас Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз