Бектенов: ауылдарда қар уақытында шығарылмай жатыр 

Премьер-министр Олжас Бектенов қар уақытында шығарылмай жатқан өңірлерді атап, әкімдерге ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет басшысы биыл көктемде тасқын қаупі жоғарын екенін ескертті.

"Қалың қар мен жаңбыр да қауіпті арттыра түседі. Бұл ретте жекелеген өңірлерде қар шығаруға арналған қаражат тек ірі қалалар мен облыс орталықтарына бөлінеді, ауылдық елді-мекендерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалып отыр", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр тиісті жұмыс жүргізілмей жатқан өңірлерді атады.

"Мысалы, Павлодар облысында қар шығаруға бөлінген 4,5 миллиард теңгенің 900 миллион теңгесі ғана ауылдық жерлерге көзделген. Қарағанды облысында 5,4 миллиард теңгенің 700 миллион теңгесі ауылдарға арналған. Ақтөбе облысында небәрі 100 миллион теңге қарастырылған. Өңір әкімдері ауылдық жерлерде қарды уақтылы шығару үшін шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ, елді-мекендердің көшелерін су басып қалу және бірқатар өңірде жолдарды шайып кету деректері қазірдің өзінде тіркеліп отыр", - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов 217 елді-мекенде тасқын қаупі сақталып отырғанын мәлімдеді.

"Мұндай проблема елді-мекендердің көпшілігінде жылдан-жылға қайталанып келеді. Мысалы, Қостанай облысындағы Қарамырза ауылы кейінгі 4 жыл бойы қар суының құрсауынан шыға алмай отыр. Биыл да елді-мекенге қауіп төніп тұр", - деді ол.

Премьер-министр әкімдерге қатаң ескерту жасады.

"Жолдарды су басып қалуына байланысты Ақмола облысында Ягодное, Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады. Әкімдіктер бұл проблемаларды біле тұра, ешқандай шара қабылдамайды. Біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты.

Сондай-ақ, арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді-мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етулері қажет. Жергілікті бюджеттерде болуы ықтимал төтенше жағдайларға арналған қаражат көзделуі қажет. Өңір әкімдері су тасқыны мәселелерін жеке бақылауда ұстауға тиіс", - деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін су тасқыны қаупі басым 10 өңір аталған еді.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!