Бектенов әкімдерге әр апта сайын вокзалдарды тікелей бақылауда ұстауды тапсырды

Қайта жаңартылған 30 вокзал 1 шілдеге дейін алғашқы жолаушыларды қабылдауға тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылауда ұстауды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту мәселесі қаралды.

"Маңызды мәселенің бірі - теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын уақтылы аяқтау. Мұны әлеуметтік жоба деп айтуға болады, өйткені ол жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Үкімет тарапынан барлық шара қабылданды. Әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек. Туындаған мәселелер бірден шешімін табуға тиіс. Мердігер ұйымдармен бірге нысандардағы жұмыс күші мен техникалық құралдарды көбейтуді қолға алыңыздар", - деді премьер-министр.

Олжас Бектенов қайта жаңартылған 30 вокзал 1 шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауын қамтамасыз етуді; Астана, Алматы және Түркістанның тарихи вокзалдарындағы реставрациялау жұмыстарынан бөлек, қалған вокзалдар бойынша жұмыстарды 1 қазанға қарай аяқтауды тапсырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!