Бекетаев пен Байбекке қатысы бар фирма басшысы тергеуге алынды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев пен Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбекке қатысы бар Bolashak Consulting Group ЖШС-ның бас директоры Сағидолла Баймұратқа қатысты тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Nege.Aqsha Telegram-арнасына сілтеме жасап. Басылым 2024 жылдың 26 тамыздағы сот құжатына сілтеме жасайды.

«Жоғарғы есеп соты Әділет министрлігіне аудит және серіктестікке қарсы тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы әлі құпия санатында. Ал материалдар қылмыстық іс аясында тәркіленді. Бұған дейін «Болашақ» консалтингтік тобы Қазақстанның мүддесін шетелде қорғаған. Олардың қатарында молдовалық кәсіпкерлер Габриэль мен Анатол Статиге қатысты іс те бар. Қазақстандық БАҚ бұл компанияны бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев пен Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбекпен байланыстырады», – делінген хабарламада.

Компания туралы:

Заңгерлік және консалтингтік қызметтер көрсету мақсатында Bolashak Consulting Group ЖШС 2000-жылдардың басында құрылған болатын. Компания инвестициялық дауларға қатысты Қазақстанның мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға машықтанған еді. Алайда соңғы жылдары компанияның қызметі күмән тудырып, оған қатысты бірқатар даулар мен тергеулер басталды.

Ақпарат үшін:

2023 жылдың 26 желтоқсанында Әділет министрі Азамат Есқараев Bolashak Consulting Group-пен келісімшарттың тоқтағанын мәлім етті. Министрдің сөзінше, компания Қазақстан мүддесін шетелде қорғамайды.

2024 жылдың наурыз айында аталған компанияға қатысты мәселені «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Мәжіліс отырысында қайта көтерген болатын. Депутат компанияға бюджеттен жыл сайын бөлінетін 60 миллион доллардың есебін сұрады.

Нәтижесі:

2024 жылдың 1 шілдесінде Антикор Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Оған жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлады, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген айып тағылды. Келтірілген шығын 1 млрд теңгеден асады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!