Бекет ата мешітіне жолға шығып, із-түссіз кеткен үш адам табылды

Маңғыстау облысында Бекет ата мешітіне жолға шығып, жоғалып кеткен үш адам табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін үш тұрғынның киелі орынға барғаннан кейін байланысқа шықпай қалғаны хабарланған болатын. Олар кейінгі рет 2 шілдеде Бекет ата мешіті аумағынан WhatsApp арқылы видео жіберген.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жоғалғандар ауқымды іздестіру шаралары барысында табылды.

Ішінде адамдары бар автокөлік Қыдырша ата шатқалынан шамамен 35 шақырым жердегі жетуі қиын аймақтан табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, көлік батпаққа батып қалған, соның салдарынан ішіндегі адамдар жолын әрі қарай өздігінен жалғастыра алмай, байланысқа шыға алмаған.

Жоғалғандарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тапты.

Қазір олар Ақжігіт ауылына жеткізіліп, онда олар медициналық тексеруден өтеді.

Полиция өкілдері іздестіру шарасы полиция қызметкерлерінің, ТЖД бөлімшелерінің және өзге де жұмылдырылған қызметтердің бірлескен жұмысының арқасында сәтті аяқталғанын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін іздестіру жұмыстарына полицейлер, құтқарушылар, "Охотзоопром" мамандары, тікұшақтар мен арнайы техника тартылған болатын. Сондай-ақ, еріктілер өңір тұрғындарын іздестіру жұмыстарына, соның ішінде дрондарды қолдану арқылы көмектесуге шақырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!