- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бедеулікке әкеп соқтырады"....
"Бедеулікке әкеп соқтырады". Салмақ тастауға көмектесетін матча шайдың денсаулыққа әсері қандай?
Әлеуметтік желіде тараған шай, кофе, дірілдек немесе дәрі түріндегі салмақ тастауға көмектесетін құралдарды сіз де көрген боларсыз. Әдемі дене пішіміне қол жеткізу үшін адамдар бәріне дайын. Ал тәжірибелі диетолог Салтанат Болатбекқызы мұндай құралдар тіпті бедеулікке әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертті. Massaget.kz тілшісі семіздікке қарсы препараттар артық салмақтан құтылуға қаншалық көмектесетінін анықтап көрді.
Маманның айтуынша, адам артық салмақ қосып алған кезде дене тек май жинап қоймай, ағза да белгілі бір заттардың тапшылығын сезінеді, бұзылыстар болады. Бұл әр қосылған артық салмақтың ағзаға тигізетін өз зияны бар екеніне дәлел. Сондықтан артық салмақпен бірге пайда болған ағзадағы өзгерістерді де қалпына келтіріп, сауатты арықтау керек, әйтпесе ешқандай нәтиже болмайды.
"Көпшілік мен жаттығу жасамай, көп тамақ жегеннен семіріп кеттім деп ойлап, арықтау үшін тамақ мөлшерін бірден қысқартып, әлсіздік пен аштыққа итермелейтін диеталарға жүгінеді. Мұндай жол ешқандай нәтиже бермеген кезде әйелдер қауымы молекула, матча шайы, кофе секілді салмақ тастауға көмектесетін фармацевтикалық құралдарға жүгініп, жарнаманың құрбаны болады. Кейбір адамдар арықтау физиологиясы, артық майдың қалай ыдырайтынын, артық салмақтың қалай кететінін білмегендіктен, осындай кофе, шай, дәріге қарай ұмтылады", - дейді ол.
Диетолог салмақты кез келген жолмен тастауға болатынын жеткізді.
"Адам зиян дәрі ішсе де, мүлдем тамақ ішпей қойса да, қарақұмық диетасын сақтаса да, дұрыс тамақтанып жүрсе де, яғни кез келген әдіспен салмақ тастай алады. Бірақ, дұрыс тамақтанып азған адам зиян әдіспен салмақ тастағанға қарағанда денсаулығын бірге жақсартады. Ол адамның энергиясы көбейеді, ұйқысы реттеледі, іш қату мәселесі кетеді, сондай-ақ дұрыс тамақтанып азған адам тастаған салмағын қайтадан қосып алмайды. Егер адам бір арықтап, қайта толып жүрсе, оның арықтауға дұрыс емес әдіс таңдағаны және ағзаға қауіп төндіріп отырғанының белгісі. Арықтағысы келетін адам осыны ажыратып, түсінуі қажет", - дейді маман.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Салтанат Болатбекқызы оқырманы көп блогерлерге ренішін білдірді, оның сөзінше, блогерлер Желідегі парақшаларында құрамында зиян заттар бар құралдарды жарнамалап отыр.
"Өкінішке қарай қазіргі кезде аудиториясы үлкен блогерлер Желідегі парақшаларында құрамында зиян заттар бар құралдарды жарнамалап отыр. Олар оның құрамында ешқандай зиян зат жоқ, тек шөптен дайындалған, ішіп, қиналмай арықтайсың деп айтып жатады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Шындығында, дәрігерлер салмағы 150-160 келі адамдарға тәбетті басатын дәрілік препарат тағайындайды, себебі оларға өзін-өзі ұстау өте қиын. Ал мұндай молекула, матча шайы, кофе секілді салмақ тастауға көмектесетін сусындардың ішінде осы тәбетті басатын препарат қосылады. Ол мида қарынның ашқаны мен тойғанын сезетін орталықтың жұмысын толығымен бұғаттап, жұмыс істеп тұрған бөлікті тоқтатып қояды", - деп түсіндірді ол.
Нутрициолог соңғы кезде тараған танымалдылыққа ие құралдарға жеке тоқталды.
"Артық салмақтан арылуға көмектесетін кез келген құрал зиян. Олар қабылдап бастағаннан-ақ белгі береді, осыны түсіндіріп өтейін. Олардың сізге зиян екенін қалай білуге болады?
Оны ішкеннен кейін адамның аузы құрғайды, іші қатады немесе диарея мазалайды, жүрек соғысын сезіп бастайды. Дәріханада кейбір дәрілер арнайы дәрігердің тағайындауымен ғана сатылады ғой, молекуланың құрамында міне сол зиян заттар бар. Ал адамдар таңертең, түсте, кешке ішіп жүрген сусынының құрамында зиян заттың қанша мөлшері бар екенін біле бермейді. Салдарынан қан жылдам айналып, жүрек оған үлгере алмағандықтан, жүрек тарсылдап соғып, ұйқысыздық мазалауы мүмкін", - дейді диетолог.
Ал салмақ тастауға көмектесетін матча шайы ішек жолдарын тазалау арқылы ағзадағы барлық қажетті затты сыртқа шығарады.
"Матча шайының құрамында сена шөбі бар. Сена шөбі ішті жүргізіп, айдайтын қасиетке ие. Үнемі іш қатудан зардап шегетін адамдар матча шайының бұл әсерін байқағаннан кейін қуанып жатады, бірақ бұл дұрыс емес. Адам ұзақ уақыт бойы диареядан зардап шексе, нәжіспен бірге ағзадағы барлық электролит шығып кетеді, салдарынан ағза сусызданады. Кейінірек диарея басылып, салмақ тастаған кезде тамақ, тіпті қарапайым су ішкеннің өзіне салмақ қосып, қатты ісініп кетеді. Ағзаның сусыздануы бүйрек жұмысын бұзады, дәретханаға тым көп бара бергендіктен, көтеу (геморрой) пайда болуы да мүмкін. Сондықтан арықтау үшін ең алдымен салмақ қосу себебін анықтап, соны реттеу керек", - деді Салтанат Болатбекқызы.
Маман мәліметінше, матча шайы артық салмақтан құтылуға көмектеспейді, ол тек жалған иллюзия мен сезім тудырады.
"Матча шайының арқасында салмақ тастадым деп ойлайтын адамның кейін неліктен бірден салмақ қосып, ісініп, іші шығып кететінін түсіндірейін. Шайды ішу барысында, ағзадағы барлық сұйықтық үлкен дәрет арқылы сыртқа шығады. Мысалы, күннің көзінде тұрған шөпті суғармасаң, ол құрғап сарғайып кетеді ғой, бұл да осыған ұқсас жағдай. Матча шайын ішу кезінде ағзада зат алмасу жұмысы нашарлайды, бүйрек қызметіне қатты зиян тиіп, салдарынан ісініп, іш шығып кетеді, бұдан бөлек іш кебу мен қату мазалайды", - дейді ол.
Сонымен қатар, ұйқы безі асты қорыту үшін арнайы фермент бөледі, шай осындай табиғи іс-әрекетті бұзады.
Салтанат Болатбекқызы семіздікке қарсы құралдардың қандай ауруларға шалдықтыруы мүмкін екенін айтты.
- Зат алмасу жұмысын бұзылады;
- Қант диабеті;
- Панкреатит;
- Гастрит;
- Асқазан жарасы;
- Көтеу (геморрой);
- Қалқанша безі функциясы бұзылады;
- Гипотиреоз секілді ауруларға шалдықтырады, өйткені олар ағзадағы күнделікті биохимиялық процеске кедергі жасайды.
"Мұндай құралдар біріншіден, бауырды зақымдап, ол циррозға дейін асқынуы мүмкін. Екіншіден, асқазан-ішек жолдарына зиян тигізеді, себебі, оның ең басты қызметі тамақты қорыту, бірақ сіз тамақты аз немесе мүлде ішпегендіктен және құрамы таза емес, біздің ағзамызға қажет емес ингредиентке толы улы заттарды артық мөлшерде қабылдағандықтан, оның қызметі бұзылады", - дейді маман.
Бұдан бөлек жүйке жүйесі қатты зақымдалады. Салмақ тастауға көмектесетін құралдар ағзадағы электролитпен бірге, қорда жиналған дәрумендерді де сыртқа шығарып тастайды. Жүйке жүйесі дұрыс жұмыс істеуі үшін бізге B тобы дәрумендері керек болғандықтан, психоэмоционалды күйдің деңгейі төмендейді. Кейін адамда бас ауруы, ашушаңдық, көңіл-күйдің тұрақсыздығы, невроз пайда болады.
Нутрициолог аздыратын препараттар 100 пайыз бедеулікке әкеп соқтыратынын ескертті.
"Бедеуліктің ең алғашқы себептеріне инсулинге төзімділік, кальций, D, B9 секілді дәрумендердің жетіспеушілігі жатады. Сондықтан аздыратын препараттарды ішіп, түрлі тәжірибе жасай беру, 100 пайыз бедеулікке әкеп соқтырады", - деп қорытындылады ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық дәрігер "балдыркөктен (сельдерей) дайындалған смузи арықтауға көмектесе ме?" деген сұраққа жауап берген болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұлттық қордан әр балаға қанша теңге аударылып тұрады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә