“Базардағы сувенир сияқты“. Депутат елде атақ-даңқ, медаль сатылып жатқанын сынады

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қазір атаққұмарлық дертке айналып кеткенін сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады.

"Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ базарда сатылатын сувенир сияқты. Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған өзі тоқтам бар ма?" - деп ашынды ол.

Депутаттың сөзінше, арнайы заң, норма да қабылданған, алайда бұл үрдіс керісінше үдеп барады.

"Қазақстанның құрметті азаматы" төсбелгісі, "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медалі және "Ұлт ұстазы" дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнада салтанатты түрде марапаттайды.  Өздері  мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді. Әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, қызуы басылғанша тойлаумен әлек. Мәселе біреудің марапат алғанында емес. Мәселе марапат қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында. Құн қалмады. Пысықайлар үшін бұл бизнес қана", - деді ол.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, "Ғасыр ұстазы", "Алаш ұстазы" дейтін атақтар да шыққан.

"Тек ақшасын төлесең болды, медаль да, орден де, куәлік те, қысқасы, дайын "шоу-пакетке" бірден ие боласың. Көптеген дамыған елде мемлекеттік марапаттар - заңмен қорғалатын институт. Атақтар мен наградалардың шарттары нақты белгіленіп, рәсімделуі ашық түрде жүзеге асады. Бұл жүйе марапаттың беделін сақтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге, қоғамда әділдік пен моральдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал біздің елде ше? Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады. Ең қауіптісі - "марапат бизнесінің" ең алдымен мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады", - деп сынады ол.

Депутаттың пікірінше, бұл - білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс.

"Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен біз атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз