Базарда сыпырғы сататын тұрғынның сауда орнынан 45 келіден астам насыбай табылды

Базарда сыпырғы сататын тұрғынның сауда орнынан 45 келіден астам насыбай табылды
Фото: polisia.kz

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары рейд жүргізу барысында саудагердің сауда орны мен үйіндегі гаражынан 50-ден астам баклашкаға салынған, яғни 45 келіден астам насыбай өнімін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орталық базарда сыпырғы сатумен айналысатын тұрғын насыбай өнімін арнайы баклашкаларға салып, сату үшін әзірлеп қойған.

Қазіргі таңда аталған азаматқа қатысты "Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау" бабымен шара қолданды. Тәркіленген тыйым салынған заттар жойылды. Учаскелік полиция инспекторлары халық арасында насыбайды тұтынудың зияны және оны сатуға тыйым салынғаны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Егер сауда ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар заңда көзделген жауапкершілікке тартылатынын тұрғындарға айтылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан