Базалық мөлшерлеменің көтерілуі: Ұлттық банк төрағасы жағдайды түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме көтерілуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Шешім инфляция мен экономиканың өсімі туралы жаңартылған болжамдарды, нақты деректер мен тәуекелдерді ескере отырып қабылданды. Қазандағы деректер бойынша инфляция жеделдеп, 5 пайыздық таргеттен жоғары қалыптасты. Базалық инфляция мен маусымдық бағдарлардан тазартылған инфляция да жеделдеді", - деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Сүлейменов бағаның өсуі ішкі және сыртқы факторлардан болып отырғанын да мәлімдеді.

Айта кетейік, кеше сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.

Алматыда америкалық валюта 512,87 теңгеге сатылып, 507,50 теңгеге сатып алынды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.

Кейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді. 

Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.

Анықтама: базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз