ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің ұжымына жаңа басшы Нұрлан Байбазаровты таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Байбазаров мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік секторда да жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, қаржы және ұлттық экономика министрліктерінде, «Қазақстан темір жолы» және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компанияларында, Өнеркәсіпті дамыту қорында жұмыс істеді. Былтырғы қарашадан бастап ол Қазақстан даму банкінде басқарма төрағасы болды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында "Бәйтерек" холдингінің қызметін трансформациялау және ауқымды цифрландыру бойынша міндет қойғанын еске салды.
"Нәтижесінде бюрократиялық кедергілер жойылып, өтінімдерді қарау мерзімі қысқарып, бизнес қауымдастығының қолдау шаралары туралы хабардар болу деңгейі артуы қажет. Жаңа басшы алдағы жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс", - деді Премьер-министр.
Сонымен қатар ол "Бәйтерек" бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және республиканың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет деп атап өтті.
Қорытындылай келе, Премьер-министр холдинг ұжымына жүктелген барлық міндеттерді шешуде табысты жұмыс тіледі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!