- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Бәйтерек» холдингі экспортқа...
«Бәйтерек» холдингі экспортқа шығатын компанияларға қолдау көрсету шараларын күшейтуді ұсынады
2017 жылы қазақстандық экспорттаушылардың сақтандырылған келісімшарттарының саны 3 есеге арттырылады. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
«Бәйтерек» холдингі экспортқа шығатын компанияларға қолдау көрсету шараларын күшейтуді ұсынады. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова ҚР Үкіметі отырысында хабарлады.
«ИИДМБ жобаларын қаржыландыру мақсатында Ұлттық қордан 2014 жылы 75 млрд теңге бөлінді. 150 млрд теңге көлеміндегі Қазақстанның даму банкінің өз қаражаты мен тартылған қаражатын есепке алғанда бұл сома 225 млрд теңгеге дейін өскен. 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚДБ 216 млрд теңгеге 10 жобаны мақұлдаған, соның ішінде бүгінгі таңда қарыз алушылар 155 млрд теңге алған. Ағымдағы жылдың шілде айында экономиканың қосымша шараларын қолдау шеңберінде мемлекеттік комиссия шешімімен өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілердің айналым капиталын қаржыландыруға 155,3 млрд теңге бөлінген, оның 137,4 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктерде орналастырылған», - деп хабарлады Л. Ибрагимова.
Оның айтуынша, 30 қыркүйектегі жағдай бойынша аталған бағдарлама бойынша 40,6 млрд теңге сомасына 81 жоба мақұлданған, оның 65 жобасы 29,7 млрд теңге сомасына қаржыландырылған.
«Игеру жалғасуда, мемлекеттік комиссияның шешімі 1 қаңтарға дейін созылды, салалар тізбесі кеңейтілді және барлық өңірлердің кәсіпкерлері осы бағдарлама шеңберінде айналым капиталын алу үшін ЕДБ-ге өтініш білдіре алады», - деді Л. Ибрагимова.
Холдинг төрағасы орынбасарының мәлімдеуінше, индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетудің екі негізгі өлшемі бар: бұл еңбек өнімділігін арттыру мен өндірістің экспортқа бағдарлануы.
«Экспорттаушыларға қолдау көрсету аясында «Бәйтерек» холдингі «ҚазЭкспортГарант» қызметін күшейту жұмыстарын жүргізуде, 2016 жылы жарғылық капитал 14 млрд теңгеге артқан, 2017 жылы 13,9 млрд теңгеге арттыру көзделген. Соңғы үш айдың ішінде «ҚазЭкспортГарант» отандық экспорттаушылар үшін екі жаңа өнімді шығарды: қарызды сақтандыру мен аванстық төлемдерді сақтандыру. 2017 жылы біздің экспорттаушыларымыздың сақтандырылған келісімшарттарының санын 3 есеге – 107-ден 300-ге дейін арттыруға мүмкіндік беретін қосымша капиталдандырумен қатар, біз ИИДМБ жоспарларын әзірлеуді іске асыру аясында шетелдік несиелік-экспорттық агенттік мамандарының тәжірибесін ескере отырып, «ҚазЭкспортГарантқа» отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету жұмыстарының көлемін кеңейтуге мүмкіндік беретін арнайы мемлекеттік кепілдемелер лимитін беру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз», - деді Л. Ибрагимова.
T. Кіршібаев