- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Байрам тыныш өмір...
"Байрам тыныш өмір сүргізбейді". Шымкентте ер адам көршісінің видео үндеуінен кейін қамауға алынды
Шымкентте ұсақ бұзақылық жасап, денсаулыққа жеңіл зиян келтірген ер адам 14 тәулікке қамауға алынды. Бұған дейін қыз Байрам деген көршісі оған және анасына тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермейтінін мәлімдеген видео үндеу шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР ІІМ телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде видео пайда болды. Онда қыз Байрам есімді көршісінің сегіз жыл бойы анасы екеуінің тыныш өмір сүруіне мүмкіндік бермей, қорлап келгенін айтады. Одан бөлек, басқа көршілер де бұзақыға шағымданған. Шымкент тұрғыны белгілі бір уақытқа дейін ешқандай шара қолданбағанын мәлімдеді.
"Тұран АПБ-на екі азамат көрші тұратын ер адамға қатысты арызданды. Бір мәлімдемеде көршісінің 12 жастағы баланы ұрғаны айтылған. Ал екінші арызданушы ер адамның оны қорлағаны туралы хабарлады. Полиция қызметкерлері екі жайт бойынша әкімшілік іс жүргізді. Құқық бұзушыға қатысты денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұсақ бұзақылық жайттары бойынша ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-бөлігі және 434-бабы бойынша хаттамалар толтырылды", - делінген хабарламада.
Жинақталған іс-құжаттар қарау үшін мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданған. Алайда ер адам бойтасалап үлгерген.
"Патрульдік полиция полкінің экипаждары оны іздеуге және ұстауға бағытталды. Бүгін тәртіп сақшылары оны ұстап, сотқа жеткізді. Сот қаулысымен ер адам 14 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан