Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Massaget TV YouTube арнасына берген эксклюзив сұхбатында жаңа салық реформасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның пайымдауынша, Қазақстанға мұндай өзгеріс керек. Бірақ салықтың пайызын тек қарапайым халық үшін емес, олигархтарға да көтеру қажет.
Депутат отыз жыл ішінде олигархтар шамамен 400-ге жуық жеңілдік алғанын, осы арқылы төлейтін салықтың көлемі әділетсіз екенін айтып, олар үшін дивидендтен төлейтін салық мөлшерін көтеру керек деп санайды.
"Экономикасы дамыған елдерде салық жинау жалпы ішкі өнімнің 20 пайызынан жоғары болады. Қазақстанда қазір жалпы ішкі өнімге шаққанда салықты жинау 15 пайызға жетпейді. Бірақ бұл жерде бір кілтипан бар. Қазақстанда отыз жыл ішінде олигархиялық топтарға тек экономикалық жеңілдіктер емес, сонымен бірге, салық жеңілдіктерін де көп беріп қойғанбыз. Бір-ақ мысал айтайын. Қазақстандағы тау-кен саласы бес жыл ішінде 8,2 триллион теңге дивиденд алған. Ал енді осы тау-кен саласына өнімдерін теміржолмен тасымалдау бойынша үлкен жеңілдік бар. Бұл жеңілдіктің барлығы заңмен емес, кезінде жабық мемлекеттік үкіммен де жасалған. Былайша айтқан кезде Қазақстан ірі корпорациялар, олигархтар үшін офшорлық аймаққа айналып кеткен", - деді ол.
Ерлан Саиров халыққа ҚҚС-ны көтерумен бірге, олигархтардың да бүкіл жеңілдігін жою керек екенін жеткізді.
"Бұл жерде нақты мәселе бар. ҚҚС деген - кедейлерге салынатын салық. Өйткені оның түбінде киім-кешек, тамақ, жүретін жүріс үшін халық төлейді. Бірақ әлеуметтік әділеттілік процесі бойынша байларға да салықты жоғары қоюымыз керек. Экономикасы дамыған елдерде керісінше, байлардың мемлекеттің экономикалық жағдайы үшін жауапкершілігі жоғары. Ал бізде ескі президент Назарбаевтың айналасындағы экономикалық топтар жаңағы протекцияны пайдаланып, өздеріне көптеген жеңілдік жасап алған. Бұл тау-кен саласына, мұнай саласына, банк саласына да қатысты. Сондықтан бүгінгі таңда сол байлардың экономикалық, салық жауапкершілігін арттыруымыз керек", - деді депутат.
Қазіргі биліктің менеджерлік қабілеті ел экономикасын "голландиялық дерттен" шығара ала ма? Отыз жыл бойы қалыптасқан олигархтық экономика моделінен құтылу жолдары қандай? Банк секторындағы монополиядан (Назарбаев әулетінің маңайындағылар иелік ететін) құтылу үшін қандай қадамдар жасау керек?
Осы және өзге де сұрақтарға депутат Massaget TV YouTube арнасына берген сұхбатында жауап берді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова