Шымкентте алты баланы қамқорлығына алып, оларды қинады деп күдікке ілінген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол балаларды жұмысқа жегіп, жуындырмай, аяқ-қолын байлап ұстаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық омбудсмен Жаннета Жазықбаеваның айтуынша 2021 жылы шымкенттік тұрғын 6 баланы асырап алған. Ол балаларды жұмысқа салып, тіпті жуынуға да мүмкіндік бермепті.
"Кішкентай үйде тұрады. Іші енді қап-қара, лас. Балалардың өзі қатты арық. Бұрын соғыс кезіндегі концлагерьдегі балалар сияқты болып қалған. Балалардың денесіндегі көгергені, қызарғаны бәрі бар. 5-еуі сөйлей алмайды. Өйткені оларды түнде ұйықтаған кезде үстін қасымасын деп аяқ-қолын байлап қояды екен. Себебі дер кезінде шомылмаған. Тамақ бойынша үлкен баласынан сұраған кезде сарайдағы ит-мысықтарды сойып береді деген. Сарайларын қарап шықтық. Онда 3 мысық байлаулы тұрды", - дейді Шымкенттегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева.
Қиын жағдайға тап болғаны жайлы балалардың үлкені хабарласып, көмек сұраған. Қазір үшеуі бөбектер үйіне табысталса, екеуі балалар үйіне жайғастырылған.
"Үлкен ұлы балалар үйінің басшысына шығып, көмектесіңіздерші ұрады-соғады деп хабарласқан. Сонымен қатар 5 бала бойынша видео-суреттер жібергендіктен қамқоршылық ұйыммен бірге барып қарадық. Зерделеу барысында бірнеше факті анықталды. Балаларды еңбекке тартқан, қарны аш, киімдері жыртық, лас болған. Сондықтан балаларды алып, бөлектеп, үйі мен балалар үйіне тапсырдық. Асырап алған кісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Көп фактілер анықталып жатыр", - дейді Шымкенттегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазір күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің "Қинау" бабы бойынша тергеу әрекеті аяқталып, барлық іс-құжат сотқа жолданған.
"Аталған іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталды, барлық іс-құжаттар сотқа жолданды", - деп хабарлады Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!