Байқоңырдағы Ресейге тиесілі мүліктің бір бөлігі Қазақстан меншігіне өтті. Бұл туралы Үкіметтің мүлікті республикалық меншікке қабылдау туралы қаулысында айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Қазақстан өзінің мемлекеттік меншігіне 1991 жылы шығарылған "Экран-М" жерсерігін, оның құрамдас бөліктері мен бөлшектерін, 1993 жылы шығарылған құрастыру-қорғау блогы, 1991 жылы шығарылған нысандарды тестілеу жүйесі мен 1986 жылы құрастырылған жүйенің екі данасын алатын болды.
"Бұл мүліктер қалай пайдаланылады? Біріншіден, "Экран-М" бұл телекоммуникациялық спутник. 90-шы жылдардың басында жасалған. Ол оқу макеті ретінде пайдаланылады. "Ғалам" ЖШС-не берілейін деп отыр. Ол жақта жас инженерлер тәжірибе ретінде қолдана алады. Ал 1993 жылы шығарылған құрастыруқорғау блогын Байқоңыр музейіне экспонат ретінде өткіземіз", - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!