- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баянауылда құны 2,5...
Баянауылда құны 2,5 миллион теңге тұратын белдік көрмеге қойылды
Ескелді шатқалында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған қолөнершілер өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде түрлі ұлттық бұйым, киізден басылған киім, әртүрлі формадағы жастықтар, күміс пен алтыннан жасалған әшекейлер бар. Ал көрмедегі ең қымбат бұйым – күмістен жасалған белдік.
"Бүгінгі көрмеге екі белдік алып келдім. Бірі – алтын жалатылған күміс болса, екіншісі – таза күмістен жасалған. Күміс белдікті 2,5 миллион теңгеге бағаладым. Ал алтын жалатылған күміс белдік 2 миллион теңге тұрады. Олардың айырмашылығы көлемінде", - дейді зергер Берік Әлібаев.
Зергер Астанадан арнайы мерейтой үшін барған. Ол зергерлікпен ес білгелі айналысып келе жатыр. Атасынан қалған өнерді қазір шәкірттеріне үйретіп жүр.
Көрмеге өңірлерден де барғандар да бар. Мәселен, қызылордалық қолөнерші Айдана Әлайдарова көрмеге киізден жасалған бұйымдарын қойған. Ол бұл киімдер мен бұйымдардың медициналық көмегі де көп екенін айтады.
"Қызылордада киіз басу өнерін үйретіп, насихаттап жүремін. Мерейтойға арнайы шақырған соң киізден жасалған бұйымдарды ала келдім. Киізден аяқ киім, байпақ, тақия, ойыншық, көрпе басамын. Бір тақияны жасау үшін 3 сағат жеткілікті", - дейді қолөнерші Айдана Әлайдарова.
Мерейтойға Астанадан, Көкшетаудан және Қызылорд, Абай облыстарынан саудагерлер шақырылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан