Баянауыл ұлттық табиғи паркінде улы қарақұрт жойылды

Павлодар облысындағы Баянауыл табиғи ұлттық парк аумағында биылғы жылы қарақұрттың 124 аналығы және 523 дана жұмыртқасы жойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы күндері ғылыми және мониторинг бөлімінің қызметкерлері мен Жасыбай бөлімшесінің инспекторлары қарақұртты жою жұмыстары жалғастырып жатыр. Тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Адамдарды шағу фактісі тіркелген жоқ, - дейді Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Қарақұрт - өте улы өрмекші, далалы жерлерде мекендейді. Денесі шағын, түсі қара. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жасыбай бөлімшесінің 6-орамында Торайғырда кездеседі. Сонымен қоса, Торайғыр ауылдық округінің аумағындағы Торайғыр көлінің тасты жерлерінде бар. Ұлттық парк мамандары жәндікті қолмен ұстамауды және жабық аяқ киім киіп жүруді ескертеді. Егер шағып алса 2-3 минут ішінде шаққан жерді сіріңкемен күйдіріп, жедел жәрдем шақыру керек.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында қарақұрттардың көбеюіне байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жазған едік.

ТЖД мәліметінше, 5 тамызда Баянауыл ұлттық табиғи паркінің қарақұрттардың көбеюі туралы ақпараты бойынша Баянауыл ауданының әкімі Павлодар облысының табиғи паркі және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп қарақұрттардың мекендейтін жерлерін зерттеу үшін Торайғыр ауылына барған.

"Зерттеу барысында Торайғыр көлінің бойындағы шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, дернәселі, тастардың астынан пілләсі табылды. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысын өткізуге бастамашылық жасайды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін мамандар Баянауыл ұлттық табиғи паркіндегі Торайғыр көлінің жанынан 62 аналық пен 159 улы қарақұрт пілләсін жинаған болатын. Ұлттық парк қызметкерлері туристерге ескерту белгілерін қойды. Демалушыларға белгілерге назар аударуға кеңес беріледі.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!