Танымал қазақстандық продюсер, актриса Баян Мақсатқызы режиссер Талғат Теменовтен кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы DIN DINA SHOW бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Продюсер кезінде Талғат Теменовтің еңбегін бағаламағанына өкінетінін жеткізді.
"Мен топтағы қыздар аты танылып, жетістікке жеткен кезінде неге мені тастап кететінін, қандай қателік жасағанымды түсінбейтінмін. Ойлана келе жауабын таптым. Себебі мен өзім де бір кездері дәл солай істеген екенмін. Сол себепті қазір Талғат Теменовтен кешірім сұрағым келеді. Ол мені қатардағы қарапайым Баяннан бүкіл Қазақстанға танымал еткен адам болатын", - деді Баян Мақсатқызы Дина Төлепбергенге берген сұхбатында.
Айта кетейік, Баян Мақсатқызы "Махаббат бекеті" фильмі арқылы халыққа танылған болатын. Ал Талғат Теменов аталған туындының режиссері әрі сценарий авторы. Баян Алагөзова "Махаббат бекеті" фильмінің жалғасын түсіріп жатқанда Талғат Теменов продюсерді "Интеллектуалды ұрлық жасады" деп айыптаған еді.
Еске салайық, биыл Республика күнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызына алғыс хат жолдаған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!