Танымал продюсер Баян Мақсатқызы журналист Дана Орманбаеваны сотта жеңіп шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы соттары мәлімдеме жасады.
Сот журналист шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратты деген үкім шығарды. Үкім бойынша журналист деректерді жоққа шығаруға міндеттеледі.
"Блогер Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғауды және журналистің Instagram және Telegram желісіндегі жеке парақшасында тараған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп, талап-арызбен жүгінді. Сонымен қатар соттан моральдық шығын 2 миллион теңге өндіруді сұрады. Журналист өз жарияланымдарындағы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін және пікір түрінде екенін айтып, шағымды мойындамады. Тараптардың құқықтық қатынастарында орын алатын жұмыстағы, қоғамдық орындардағы, ұжымдағы және күнделікті өмірдегі кемшіліктерді корреспонденттік сынай отырып, ақпаратты теріске шығару талаптарын негізді деп тануға болмайды деп есептейді", - делінген мәлімдемеде.
"Жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы заңнаманы сот тәжірибесінде қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, Азаматтық кодексінің 141-бабының 3-тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес, таратылған ақпараттың шындыққа сәйкестігін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі.
"Журналист таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтыны, блогердің ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні анықталды. Сот журналиске деректерді жоққа шығаруға міндеттеп және блогердің пайдасына моральдық шығынды өтеу үшін 500 мың теңге өндірді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, жақында Дана Орманбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Қылмыстық істі Алматы полициясы Дана Орманбаеваның әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты бастаған.
"Алматы қаласы тұрғынының әлеуметтік желілерде Д. Орманбаеваның ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар қорқытулар мен қорлау сөздерін жариялауы туралы арызы негізінде қалалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады", - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жарияланбайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!