“Баян Мақсатқызы жайлы айтарым көп“. “Қазақ аруы“ атанған Ақкербез көп құпияны ашты

Биыл "Қазақ аруы-2024" байқауы көптің назарын аударып, тарихта болмаған жағдайлармен жұртты таңғалдырды. Massaget.kz тілшісі байқау жеңімпазы атанған қызылордалық ару Ақкербез Ысқаққызымен сұхбаттасып, көрермен көкейіндегі сауалдарға жауап алды. Бұл туралы ол шығармашылық шаралардың біріндегі кулуарда бөлісті. 

"Көбі мені мойындамауы да мүмкін еді" 

"Қазақ аруы" байқауы биыл бұрынғыдан өзгерек болды. Біріншіден, әділқазы тек көрермендер болды. Өткен жылдардағыдай аруларды медиа өкілдерден құралған топ бағаламады. Екіншіден, толық төрелікті халыққа берген продакшн дауыс беруді екінші рет өткізген еді. Бұл нәрсеге арулардың көзқарасы қалай болды?

"Осы жылдың басында "Сыр аруы" атанғаннан кейін Қазақ аруына жолдама берілді. Сол уақыттан бастап психологиялық тұрғыда дайындалып жүрдім. Ал бірге қатысатын қыздармен 2 ай көлемінде дайындалдық. Қолдау білдірген барша жанға алғысымды білдіремін. Ал дауыс беруге келер болсақ, өте қатты қобалжыдым. Бірнеше рет жылап та алдым. Меніңше, дауыс берудің қайта болғаны дұрыс болды. Себебі расымен бот мүлдем істемеді. Егер сол күйі қалғанда көбі мені мойындамауы да мүмкін еді. Сондықтан Баян Мақсатқызы екінші рет дауыс беруге мүмкіндік ашып, өте дұрыс шешім шығарды".

сурет: feelmedia.pro 

"Қазақ аруы" Ақкербездің өміріне қалай әсер етті?

Күллі қазақ көз тіккен байқау халық арасында үлкен талқыға түсті. Қатысушылардың өнер көрсетуінен бастап, ұйымдастырушылардың жұмысына дейін сынның астында қалды. Жеңімпаз атанған Ақкербездің сөзінше, ол өзіне байқау менің болмысыма әсер етпеуі керек деген уәде берген. 

"Өзгерістер болып жатыр. Шынымды айтсам, мен өзіме мынадай уәде берген едім. "Қазақ аруы" атанғаннан кейін де, бұрын қандай Ақкербез болдым, дәл солай қаламын деп. "Жұлдыз болып кетпеймін" деп серт бердім. Иә, қазір көп жобалардан шақырту болып жатыр. Бірақ "Қазақ аруы" болғандықтан, осы атқа лайық болуым керекпін деп, түскен ұсыныстарды да жеке қарастырып жатырмын. Оның менің болмысыма сай келуі, келмеуі деген сияқты шарттарын алдымен сүзгілеп аламын", - деп жауап берді журналист сауалына. 

сурет: feelmedia.pro 

Баян Мақсатқызы мен қатысушы аруларға көзқарас

Көпшілік қатысушы қыздар арасында туған дауды желіде жариялап, бір-бірін аяқтан шалды деген ақпарат таратқан еді. Бұл қаншалықты рас? 

"Қатысушы қыздармен байқауға дайындық кезінен бастап жақсы араласып бастадық. Қазір байқаудан кейін де жақсы дос болып қалдық. Сырттан неше түрлі пікірлер айтылып жатыр. Оның бәрін естіп біліп, көріп жатырмыз. Бірақ ішінара не болып жатқанын нақты біз ғана білеміз. Сол себепті жұрт айта береді", - деп жауап берді Ақкербез Ысқаққызы.  

Баян Мақсатқызының жобасы биыл халықтың сынына қалды. Қатысушы арулардың продюсерге көзқарасы қандай?

"Баян Мақсатқызы жайлы айтарым көп. Біз үшін өмір мен өнер жолындағы ұстазымызға айналды. Ол кісіден үйренеріміз жетеді. Дайындық барысында да үнемі ақылын айтып, бізді үлкен өмірге дайындады. Сол үшін де Баян Мақсатқызына алғысым шексіз".

сурет: instagram.com/qazaqaruy.official

Ақкербез Ысқаққызы - Қызылорда облысының тумасы, "Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазы. Ол 17 жасында осы сайыста 30,04% дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұған дейін Ақкербез "Сыр аруы-2024" байқауында да үздік атанған болатын. Байқау Алматы қаласында өтіп, нәтиже халық берген дауыспен анықталған еді. Ұлттық сайыстың жеңімпазы атанған Ақкербезге қазақстандық дизайнер Аида Қауменова арнайы шапан ұсынған болатын. 

Алайда байқау нәтижесі халық арасында үлкен дау тудырды. Дауыс беру кезінде техникалық ақаулар болып, Telegram-бот істен шықты. Баян Мақсатқызы резонанстан кейін қайта дауыс беру ұйымдастырып, жеңімпаз қайтадан Ақкербез болып танылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!