Баян Мақсатқызы: “Биылдан бастап “Қазақ аруын“ әділқазылар таңдамайды“

Баян Мақсатқызы: “Биылдан бастап “Қазақ аруын“ әділқазылар таңдамайды“
Фото: lada.kz

Танымал продюсер, "Қазақ аруы" байқауының ұйымдастырушысы Баян Мақсатқызы биылдан бастап байқаудың жеңімпазын қазылар алқасы анықтамайтынын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Продюсердің айтуынша, "Қазақ аруы–2024" байқауының жеңімпазын қарапайым халық тікелей эфирде таңдайтын болады. Бұл туралы Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Жақында "Қазақ аруы–2024" байқауының жеңімпазын Сіз таңдайсыз! Ешқандай қазылар алқасы болмайды. Бәрі тікелей эфирде өтетін болады. Сондықтан ресми парақшадағы жаңалықтарды бақылап отырыңыз", – деп жазды ол желіде. 

Осыдан бірнеше ай бұрын өнер жолындағы талай арудың жолын ашқан "Қазақ аруы" байқауы биыл да өз жалғасын табатыны белгілі болған еді. Байқауға қатысушы қыздарға қазақ тілін жетік меңгеру, 16-22 жас аралығында болу, бойы 170 см-ден жоғары болу, сұлу да сымбатты, ақылды әрі дарынды болу сияқты талаптар қойылады. 

"Қазақ аруы–2024" байқауының кастингі 6-7-8 қыркүйек күндері Алматы қаласында өткен болатын. Қазір іріктеуден өткен қыздар байқаудың келесі кезеңіне дайындалып жатыр.  

Еске салайық, Қазақстандағы танымал актриса Гүлназ Жоланова "Қазақ аруы–2014" атанған болатын. Ал "Қазақ аруы–2011" Ләззат Қалдыбекова сайыстың ең алғашқы жеңімпазы атанған еді. Ол Мұхтар Әуезов атындағы театрда актриса болып жұмыс істеді. Байқаудың басқа да қатысушылары түрлі сериалға түсіп, ән айтып, өнер саласында жүр. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Ибраева