Баян Алагөзова суррогат аналарға қанша төлегенін айтты

Танымал продюсер Баян Алагөзова суррогат аналарға қанша төлегенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол "Көреміз" бағдарламасында берген сұхбатында бөлісті. 

"Жасырудың не қажеті бар?! Бәрі ашық көрсетілген. Оны білу қиын емес. Суррогат аналардың ай сайынғы жалақысы – 250-350 мың теңге арасы. Бұл да суррогат аналардың қалауына қарай бөлінеді. Бір суррогат ана 250 мың деді, екіншісі 350 мың деді. Қалған қаржыны бала туғаннан кейін бірден төлейсің. Бала дүниеге келгеннен кейін келіскен гонорарын бересің, бұл – жалақыдан бөлек төленеді. Қазақстанда баға өте арзан, сондықтан шетелдіктер да бізге көп келеді. Суррогат аналардың гонорары 6 миллион теңгеден басталып, 10 миллион аралығында болады. Бірі – 6 миллион жарым теңге сұрады, екіншісі – 7 миллион жарым теңге сұрады. Бұл өте аз. Мен оларға артығымен төледім. Олар, әрине, мұндайды күтпеді", – деді продюсер.

Қазақстанда суррогат аналар қанша ақы алады?

Дамира Шоқанқызының сөзінше, қызмет бағасы жылдан жылға өзгеріп отырады.

Бүгінде өзекті сома:

  • Тәжірибесі жоқ суррогат ананың ақысы тапсырыс беруші ҚР азаматтары болса, ең азы –  5 миллион теңгеден басталады;
  • Ал тәжірибесі бар суррогат ана қызметінің құны – 7 миллион теңгеден басталады;
  • Егер баланың биологиялық ата-анасы суррогат анаға жүктілік кезінде тұратын үй тауып бермейтін болса, суррогат ана ай сайын 300 мың теңге алып отырады. Дегенмен әдетте суррогат ананың көпшілігіне тұрғын үй беріледі, сондықтан ай сайынғы төленетін сома азаюы мүмкін;
  • Суррогат анаға босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіріп, емделуі үшін шамамен – 400-500 мың теңге өтемақы төленеді;
  • Егер әйел баланы кесарь тілігі арқылы босанатын болса, ем алу үшін өтемақы сомасы 1 миллион теңгеден басталады;
  • Суррогат анадан дүниеге егіздер келсе, өтемақы сомасы 1,5 миллион теңгеден жоғары болады;

Баян Алагөзова қалай ана атанды?

Танымал продюсер, актриса Баян Алагөзова ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) арқылы ана атанғаны белгілі болды. Бұл туралы танымал продюсердің қызы Айсәуле Бақытбек әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

"Міне, Салтанат Берденқызы. Ол бүгін төрде отыр, өйткені осы кісінің арқасында бізде қазір Алиса мен Алма бар. Ол анам мен Тұрсен ағаның арманын жүзеге асыруға көмектесті. Қазақстандағы ЭКҰ бойынша бас дәрігер", – деді ол.

Айта кетейік, Салтанат Берденқызы – қазақстандық репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының вице-президенті.

Еске салайық, бұған дейін танымал продюсер Баян Мақсатқызы ана атанғанын хабарлаған еді.

Кейінірек танымал продюсер төртінші рет ана атанғанын жариялады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!