Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саладағы кемшіліктер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің сөзінше, экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
"Отын-энергетика нарығындағы бағаны шектен тыс реттеу мұнай өндірісін төмендетіп, өнім тапшылығын туындатты. Үкімет бұл жағдайдан тиісті қорытынды жасады, ахуал біртіндеп түзеліп жатыр.
Сонымен бірге, ұялы байланыс нарығында олқылықтар көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет.
Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады. Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен "баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған.
Жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырамын", - деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!