- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баяғы жартас -...
"Баяғы жартас - сол жартас". Бектенов "бейқам" басшыларға ескерту жасады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық баяу жүргізіліп жатқанын айтып, әкімдерге ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл асатын уақыт қалды. Бүгін басшылардың көпшілігі қанша жерден сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болатынына менің көзім анық жетіп тұрған жоқ. Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді", - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Олжас Бектенов сөзіне мысал келтірді.
"Қарағанды облысын алайық. Qarmet компаниясының 2-жылу орталығындағы 2-қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Оның үстіне 1-қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмады. №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Биыл мамырда осы мәселені қарағанымызда, облыс әкімі 7-қазандық мерзімінде іске қосылады деп мәлімдеген. Жалпы мұның барлығы Теміртау қаласының қысқа әзірлігіне, қажетті жылу қуаты мен резервтердің қамтамасыз етілетініне күмән туғызады. "Шахтинск тұрғындары да дайындық уақтылы аяқталмай қала ма?" деп алаңдап отыр. Қалада тендер бойынша және сол күйі басталмай тұрған жұмыстар төңірегінде сұрақтар көп. Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-жылу электр орталығындағы №4-турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ, комбинаттың 2-жылу орталығында құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр.
Үкімет тарапынан бұған дейін МАЭК-ті дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру", - деді ол.
Премьер-министр "бейқам" басшыларға ескерту жасады.
"Қазір Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралады. Станцияларда отын қорымен қамтамасыз етуге, оның ішінде конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты сұрақтар бар", - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін жылыту маусымына дайындық барысында қай ЖЭО-ларда жағдай күрделі екені хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Есен