Бай vs кедей. Ертеде қазақтар қалай киінген?

Өткен ғасырларда қазақтарда әлеуметтік теңсіздік киімнен-ақ көрінген. Халықтың әлеуметтiк дәрежесiне, кәсібіне қарап, оның тұрмыс-тіршілігіне баға берген. Мәселен, сұлтандар мұрақ баскиім кесе, сал-серілер жарғақ шалбар, шәйі көйлек киген. Ал аңшыларды киген шекпен-күләпарасынан, ал батырды қаттамасынан ажыратқан. Massaget.kz тілшісі ертедегі тұрмысы жақсы қазақтар мен қарапайым халықтың киім киісі қандай болғанына шолу жасады.

Тарихи деректерге сүйенсек, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақтардың киім киісінде онша айырмашылық байқалмаған. Кейін киімдердегі әлеуметтік айырмашылықтар көбіне матаның сапасына және әрленуіне қатысты болған. 

Байлар мен кедейлер не киген?

Кей деректерде ертеде қазақ даласында қарапайым шаруа хан немесе сұлтанды кездестіргенде атынан түсіп, оң аяқ тізесін бүгіп, сәлем берген делінеді. Алайда қарапайым адам оның ақсүйек екенін қайдан байқаған? Мысалы ХVІІІ және ХХ ғасырлардың басында қазақ билеушілері қара-қоңыр түлкі терісімен қапталған конкус тәрізді ақ немесе қызыл түсті баскиім кигенін айтуға болады.

Қазақта ертеден киім түс үлкен роль атқарған. Тарихи дереккөздерге сүйенсек, билеуші элита өкілдерінің сәнді шапандары көбіне қызыл, алқызыл, қоңыр қызғылт, қызылкүрең барқыт немесе қырмызы маталардан тігілген.

ХVІІІ ғасырда ақсүйектер осындай түстес шапандар киген, бірақ кейін мұндай киім түрін түрлі-түсті қамқадан тігілген киімдер ығыстыра бастаған. Бұл, бір жағынан, киім эволюциясын көрсетсе, екінші жағынан, қарапайым көшпендінің мұндай киімді сатып алуға не тіктіруге мүмкіндігі болмағанын, сонымен қатар, қарапайым шаруаға мұндай киіммен сыртқа шығуға болмағанын көрсетеді.

Сурет Әлкей Марғұлан кітабынан 

Баскиім

Дәстүрлі конус тәріздес бас киімдерден басқа қазақ тектілері ақ немесе қызыл тақия киген. Орыс қызметінің капитаны Дмитрий Гладышев Хиуа сапарында Әбілқайырдың қызыл тақия киіп, тақта отырғанын суреттеген.

Қонақ киім. 1861 жыл

Зергерлік бұйымдар

Киімнен қазақтар зергерлік әшекейлер арқылы да ақсүйекті таныған. Өткен ғасырлардың жазбаларына сәйкес, жүзіктегі мөр арқылы иесін, қауымын білуге болады. Мысалы тамшы тәрізді пішін билеуші элитаға тән, ал қожалар домалақ пішінді жүзік-мөр тақса, батырлар мен старшиналар сопақ, алмұрт және шаршы тәріздес жүзік-мөр таққан.

Көйлек

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап көйлектер негізінен ресейлік ала шыттан, қытайлық қағаз маталардан тігіле бастады. Сырттан әкелінген маталарды көбінесе ақсүйектер қолданған. Олар көйлектерін жібектен, атластан, барқыттан, зерлі маталардан тіктірді. Бай әйелдер сәндік шапандарды қымбат матадан тігіп, кейде оны оқамен, кестемен және терімен әшекейлеген. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында ұзын жеңді қамзолдар сәнді киімге айналған. Сәнді, қымбат әшекейленген шапандар үйлену киімі ретінде де сақталып отырды. Кестеленген желбіршегі және әшекейлері бар көйлектерде әшекей бұйымдар көйлектің ашық жерлері мен тігістерін жауып тұратын. 

Ал қазақтардың негізгі бөлігі былғары, тері, үйдегі жүннен жасалған бұйымдарды қолданды.

ХІХ ғасырдағы шапан. Әлкей Марғұлан кітабынан

Бай мен кедей қыздары қалай киінген?

Қазақ байларының қыздары күйеуге шыққанда сәукеле алтын және күміс табақтармен, інжу-маржандармен, асыл тастармен безендірілген. Ал қарапайым қыздардың сәукеле қыздарды тиындармен, моншақтармен, бисермен, мата қиындыларымен безендірілген. Егер қалыңдықтың отбасы сәукелеге қаражаты болмаса, онда қалыңдық сәукелесіз, қарапайым орамалмен ұзатыла берген.

С. Дудин. Әлкей Марғұлан кітабынан

Бай қалыңдықтарға зерлі матадан маңлық (алтын және күміспен қоса тігілген қытай жібегі) тігіп, терімен астарлаған. Қыздардың жеке қысқы киімдері тек бай отбасыларда болған, бірақ тон қыз жасауының негізгі бір бөлігі болды. Кедей отбасынан шыққан қазақ қыздары сырмалы шапан немесе күйеуінің тонын киген.

Е. Корнеев салған сурет. Әлкей Марғұлан кітабынан

Кейбір бай қыздар сән қуып, зергерлер жасаған оюлы күміс белдіктерге құмар болған. Сондай-ақ, Солтүстік-Батыс Қазақстанның бай қыздары (Бөкей ордасы, Кіші жүз) ашық түсті барқыттан тігіліп, алтынмен зерленген ерекше тақия киген. Қазақстанның оңтүстігінде тұрмысы жақсы қазақтар өз қыздарына көбіне өзбекше жасалған, ал солтүстік пен батысында татар нақышта жасалған тақиялар сатып алатын болған. Бай қыздар мен келіншектер әшекейленген аяқ киімдер киді. 

Әлкей Марғұлан кітабынан

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!