Танымал блогер, кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов астаналық студенттің өмірін түбегейлі өзгертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Хикая блогердің Stories-інен басталды.
"Бай достарымның назарына! Әуежайдан көлігімді әкелетін жүргізуші бар ма?" дейді кәсіпкер видеода.
Кейін оның оқырмандарының бірі "Астанадан Алматыға ұшаққа билет алып берсеңіз, көлігіңізді апарып беремін ғой" деп жауап қайтарған. Ол - 21 жастағы Жантілеу.
Қарапайым отбасыдан шыққан шымкенттік жігіт Астанада ЕҰУ-де 4-курста оқиды, бос уақытында түрлі жұмыс істейді.
"Билет алдым. Енді маған көмектесетін адам керек. Ол үшін Астанадан Алматыға келіп, менің үйіме соғып, көлік кілтін алып, әуежайға барып, көлігімді әкелу керек", - дейді блогер Stories-інде.
Астаналық студент бәрінен басып озып, бірінші жауап қайтарып, әуежайға барған. Кәсіпкер оған билет алып берген.
Жантілеу бұрын-соңды ұшақта бизнес-класпен ұшып көрмеген. Ал блогердің бір оқырманы Жантілеумен бірге ұшып бара жатқанын айтып, студенттен сұхбат алып үлгерген.
"Менде мұндай нәрсе алғаш рет болып тұрған соң, эмоциямды дұрыс жеткізе алмай отырмын. Сондықтан қазір кино қараймын", - дейді ол видеода.
Астанадан келген студентті кәсіпкер мен оның оқырмандары Bentley, Gelandewagen көліктерімен күтіп алды. Ал кәсіпкердің тағы бір оқырманы оған Rixos қонақүйінен 125 мың теңгеге бөлме жалдаған.
"Жақсы, аға, рақмет сізге де! Осындай күшті эмоция сыйладыңыз. Ұмытылмас күн болды", - деп жазған Жантілеу Ұлықбек Шәріповке.
Елордадан келген студентті алматылықтар тағатсыздана күтті. Ал кәсіпкердің оқырмандары оған түрлі сыйлық дайындап қойған.
"Міне, достар, көз алдыңызда Жантілеудің өмірін түбегейлі өзгерттік. Жантілеу бұл жағдайдан кейін дұрыс қорытынды жасаса екен деймін. Мен ақшаны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ сыйлық алатындардың қатарынан емеспін, бірақ бұл жолы осылай әрекет еткім келді. Кез келген нәрсе жайдан-жай емес екеніне сенімдімін", - деп жазған блогер Intstagram-парақшасында.
Бұдан басқа, Ұлықбек Шәріповтің оқырмандары Жантілеуге электрсамокат, Дубайға жолдама, ақшалай сыйлық берген. Кәсіпкердің айтуынша, студент Дубайға төлқұжат алғаннан кейін барады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!