- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаржы жоспары
Бай боламын десеңіз... Жаңа 2025 жылға жоспар қалай құрамыз?
Өткен жылды қорытындылап, жаңа жылға жоспар құратын сәт жақындап келеді. Келер жылы бай боламын, қаражатымды дұрыс жұмсаймын деген ниетіңіз болса, қазірден дұрыс жоспар құру керек. Massaget.kz тілшісі бұл туралы бизнесті дамыту және басқару, қаржылық сауаттылық бойынша эксперт консультант, цифралық психолог, бизнес ментор мен мотиватор Әсел Жарасқалиқызымен сұхбаттасты.
"Ескі жылдың есебін білмей, мақсатсыз жаңа жылдан көп нәрсе күтпесеңіз болады. Жаңа жылдың қаржылық тұрғыдағы сиқырлық таяқшасы - дұрыс мақсат қою және оған жету үшін мүмкіндік. Бұл кезең - өткен жылды бағалап, келесі жылға айқын жоспар құруға керемет уақыт. Әсіресе қаржылай сауатты және тұрақтылыққа бағытталған жоспар құру сіздің өміріңізді айтарлықтай жақсарта алады", - дейді маман.
Ол үшін неден бастау қажет?
1. Мақсат қоюдан бастаңыз.
"Жаңа жылға қаржы жоспар құру үшін, алдымен нақты мақсат қою маңызды. Мақсатыңыз айқын, өлшенетін, қолжетімді, өзекті және мерзімі көрсетілген (SMART қағидасы бойынша) болуға тиіс", - дейді сарапшы. Мысалы:
- Мақсат: 1 жылда алғашқы миллион теңге жинау;
- Мақсат: ай сайынғы табыстың 10 пайызын жинап отыру, оны өзіңе жұмсау;
- Мақсат: ай сайынғы шығынның 20 пайызын қысқарту.
2. Табыс пен шығынды есептеп отырыңыз.
Маманның айтуынша, есепсіз келген ақшада береке болмайды. Қаржы жоспарлаудың негізгі фундаменті - табыс пен шығынды біліп отыру. Өз қалтаңызды бағалау үшін келесі әрекеттерді орындаңыз:
- Ай сайынғы табысыңызды есептеңіз;
- Барлық шығынды санаты бойынша жазып отырыңыз (азық-түлік, көлік, ойын-сауық, коммуналдық төлемдер, несие және т.б.);
- Қай санаттарда артық шығындалғаныңызды анықтаңыз.
"Ағылшын тіліндегі деңгейлер сияқты бастапқы қаржы деңгейі - кірістің шығыстан көп болуы. Егер шығыныңыз кірістен көп болса, оны алдымен теңестіру қажет, шығынды азайтып, бірінші деңгейді қалыптастыру, яғни көрпеге қарап көсілу қажет", - дейді сарапшы.
3. Бюджет жасаңыз, ақшаңыздың болашағы тек сіздің қолыңызда!
Бюджет құру - қаржы мақсаттарына жетудің ең тиімді құралы. Ол үшін 50/30/20 қағидасын қолданып көріңіз:
- 50 пайыз - негізгі қажеттіліктерге (азық-түлік, тұрғын үй, көлік, несие).
- 30 пайыз - қалауыңызға (демалыс, ойын-сауық).
- 20 пайыз - жинақ пен инвестицияға.
4. Қаржы қорын жинаңыз.
Әсел Жарасқалиқызының айтуынша, оны алғашқы миллион теңгеден бастаған жөн.
Миллион теңге жинау үшін:
- Ай сайын 83 333 теңгеден бөлу қажет. 1 000 000/12 ай = 83 333 теңге.
- Апта сайын 19 231 теңгеден бөлу қажет. 1 000 000/52 апта = 19231 теңге.
- Күн сайын 2 740 теңгеден бөлу қажет. 1 000 000/365 күн = 2 740 теңге.
"Теңге тиыннан құралады, ең бастысы - жүйелі және тәртіпті түрде ақшаны жинауға кірісу", - дейді сарапшы.
Оны қалай жүзеге асыруға болады?
- Автомат түрде жинақтау: ай сайынғы табысыңыздан белгілі бір пайызды жинақ шотына аударыңыз, айлық алғанға дейін қозғамаңыз.
- Қосымша табыс көзін іздеңіз: фриланс, қосымша сауда немесе жеке бизнес ашу мүмкіндігін қарастырыңыз.
- Артық шығыннан бас тартыңыз: әрбір сатып алғыңыз келетін затты саралап, тек қажет нәрсеге ақша жұмсаңыз.
5. Инвестиция жасауды үйреніңіз.
Жай ғана жинақтамай, ақшаңызды көбейтуді үйреніңіз:
- Депозиттер: тәуекелі төмен және тұрақты табыс көзі.
- Құнды қағаздар: акциялар мен облигациялар.
- Бизнес: өз идеяңызды іске асырып немесе дайын бизнеске ақша салу.
6. Өзіңізді марапаттауды ұмытпаңыз.
Маман мәліметінше, мақсатқа жету жолында өзіңізді ынталандыру үшін әрбір шағын жетістікке қол жеткізген сайын, өзіңізді мақтап, марапаттаңыз. Бірақ бұл марапат сіздің қаржы жоспарыңызға зиян тигізбеуге тиіс. Эмоцияны дұрыс игере отырып, әрі қарай талпынуды тоқтатпау керек.
"Ал егер қорытындылайтын болсақ, жаңа жылдан бастап ақша жинау, арықтау, ағылшын тілін оқу - тек өз сылтауымыз, арман-мақсаттарды ысырып қою. Мақсаты бар адам күнде әрекет жасап, мүмкіндік іздейді, ал қалғаны сылтау мен себеп іздейді. Қаржылай сауатты болу - ол ақшаға қатысты күнделікті қабылданған шешімдеріміз және оған жауапкершілік алу. Шешімдеріңіз оңынан болсын! Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің бастамасы деп қарауға болады. Бұл - нақты уақытты қорытындылайтын кез немесе А нүктесі. Ал қаржылай сауатты болуыңыз - болашақта табысты болудың кепілі. 2025 жыл сіздің қаржылық тұрақтылығыңыздың жылы болсын! Енді іске кірісіп, өз армандарыңызға қадам басыңыз!", - деп тұжырымдады Әсел Жарасқалиқызы.
Еске салайық, бұған дейін мамандар жылды қорытындылаудың маңызын айтқан еді.
Өйткені адам сол арқылы бағытының қандай екенін, қандай жұмыстар жасап жатқанын көреді. Кей адамдардың әрекеттері мақсатына сай емес, басқа бағытқа қарай кетіп бара жатады. Жылды қорытындылау арқылы ары қарай қалай әрекет ету керегін жақсы түсінесіз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек