30 қарашада өткен мәжілістің кезекті отырысында депутат Ардақ Назаров геосаяси жағдайға алаңдайтынын айтып, еліміздегі әскери рухты көтеру керегін айтты. Депутаттың айтуынша, Момышұлының шығармаларын әскери қызметкерлерге жаппай оқыту керек. Ал біз қадірін білмей жүрген Момышұлының әскери еңбектері әлемнің 8 елінде білім ретінде оқытылады-мыс. Депутаттың келтірген деректерін Factcheck.kz тексеріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өкінішке қарай, өзіміз қадірін біле алмай жүрген Бауыржан Момышұлының әскери еңбектері әлемнің 8 елінде білім ретінде оқытылады", - деген еді Мәжіліс депутаты
"Бұл - дәлелденбеген ақпарат. Бұл жерде "әлемнің 8 елінде" деп нақты мемлекеттің атауын айтпаған соң депутат Назаровтың сөзіне дәлел табу қиын. Оның үстіне депутат "білім ретінде оқытады" деп асыра сілтеуі мүмкін. Нақты бір елдің аты аталмаған соң біз бұл мәлімдемеге "дәлелденбеген" деген үкім қоямыз", - делінген материалда.
Ақпарат қайдан шығуы мүмкін?
Бауыржан Момышұлы 1963 жылы қарашада Кубаға арнайы сапармен барды. Бұл саяхат жайында "Куба әсерлері" деген кітабында толығырақ жазады. Кубаға сапарында әскери қызметкерлерге дәріс оқып, соғыс тәжірибесін бөлісті. Төменнен Кубаға сапары барысындағы суреттерді көре аласыздар.
Сонымен қатар, кітаптың "Куба әсерлері" бөлімінде былай деп жазылған:
"1960 жылдары Америка континентіндегі Куба мемлекетінде тұңғыш революция жеңіп, өзінің қарулы күштерін нығайту мақсатында Кеңес үкіметіне арқа сүйеп, көмек алып отырды. Мемлекетті берік нық орнату үшін Кеңестік қарулы күштердің әдебиеттеріне сүйеніп, көптеген ғылыми-әдеби еңбекті Мәскеуден алдырып, пайдаланып отырды. Сол алынған әдебиеттердің арасында Б.Момышұлы мен А.Бектің "Арпалыс" романы мен "Москва үшін шайқас" романдары да болатын. Куба үкіметі бұл шығармаға да ерекше ыждиһатпен көңіл бөліп, оны өздерінің әскери тактикасын нығайту үшін, жоғары әскери оқу орындарында оқулық пән ретінде пайдаланды. Осы күнге дейін де пайдаланып келеді", - делінген "Куба әсерлері" кітабында.
Кітаптағы ақпаратқа қарасақ, Куба Момышұлының "Москва үшін шайқас" романын жоғары әскери орындарында оқулық пән ретінде пайдаланып келетіні жазылған. Алайда Кубаның ашық дереккөздерінен бұндай ақпарат табылмады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!