Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлы ресми түрде "Халық қаһарманы" атағын берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Президент Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуінде айтты.
"Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал.
Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде "Халық қаһарманы" атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек.
Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына "Халық қаһарманы" атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым.
Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс.Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік.
Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды", - деді Президент.
Еске салайық, 24 желтоқсан - Бауыржан Момышұлының туған күн.
Бауыржан Момышұлы туралы не белгілі?
Ол 1910 жылғы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қарабастау ауылында дүниеге келген. 1932 жылы әскерге шақырылды. Орта Азия әскери округі 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші таулы атқыштар полкінде бір жылдық курсты тәмамдағаннан кейін взвод командирі қызметін атқарды.
1936 жылы Қиыр Шығыста 105-ші атқыштар дивизиясының 315-ші атқыштар полкінде артиллериялық дивизион командирі болып қызмет етті. 1938 жылы Хасан көлі маңында жапондықтармен болған шайқастарға қатысты. 1940 жылғы ақпанда Киев айрықша әскери округіне ауыстырылып, 24-ші атқыштар дивизиясының 406-шы атқыштар полкінде штаб бастығының көмекшісі қызметін атқарды. 1941 жылғы қаңтарда Орта Азия әскери округіне жіберіліп, Қазақ КСР әскери комиссариатының әскерден тыс даярлау бөліміне аға нұсқаушы болып тағайындалды.
1941 жылы қазақтың 316-шы дивизиясы генерал Панфиловтың қолбасшылығымен Волоколамск бағытында Мәскеуді қорғады. 1941 жылғы 16-18 қарашада аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны Матренино ауылында дивизиядан бөлініп қорғаныс жасады. Комбат шебер басшылығының арқасында жауды осы шепте үш күнге тежеп, төртінші күні батальонды қоршаудан аман алып шықты.
Қараша айының соңында полк командирі болып тағайындалды. Капитан Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, бұл атақ оған тек дүниеден өткеннен кейін ғана берілді. 1945 жылғы қаңтарда К. Е. Ворошилов атындағы жоғары әскери академия жанындағы офицерлер құрамын жетілдіру курстарын аяқтаған соң, 2-ші Балтық майданы, 6-шы гвардиялық армия, 2-ші гвардиялық атқыштар корпусы, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы командирінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Алайда 1945 жылғы 28 қаңтардан соғыстың соңына дейін дивизия командирінің міндетін атқарды.
1946 жылғы қаңтарда К. Е. Ворошилов атындағы Жоғары әскери академияға жіберілді. 1950 жылғы қарашадан бастап В. М. Молотов атындағы Кеңес армиясының тыл және жабдықтау әскери академиясында жалпы тактика және операциялық өнер кафедрасының аға оқытушысы болды.
1955 жылғы желтоқсанда запасқа шығарылды. Алматыға оралған соң өмірін толықтай әдеби шығармашылыққа арнады. 1982 жылғы 10 маусымда Алматыда қайтыс болды. Кенсай зиратына жерленді. Кеңес Одағының Батыры атағы 1990 жылғы 11 желтоқсанда берілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz