- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бауыржан Ибрагимов Болат...
Бауыржан Ибрагимов Болат Назарбаевтың ауырып жатқанына сенбейтінін айтты
Танымал сатира актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бауыржан Ибрагимов кәсіпкер Болат Назарбаевтың ауырып жатқанына сенбейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы әртіс журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасында айтты.
"Көп болды хабарласпағаныма (Болат Назарбаевқа-еск.). Мен көп нәрсеге сене беретін жастан өтіп кеткенмін. Сенетін кезеңдер болады. Жас келген сайын ақыл тоқтатқан кезде мен көп нәрсеге сене бермеймін. Сондай жағдайда жүрген, сондай дүниесі бар адам ауыра қойды дегенге сене бермеймін", - дейді әртіс.
"Демек, арбада отыруы, аяқасты мақау болып қалуына сенбейсіз бе?" - деп нақтылады журналист.
"Сенбеймін. Дені сау, жақсы жүрген жігіт қой. Артықтық болмасын, көзбен көрмегеннен кейін пәлен деуге болмайды. Мүмкін, ауру да шығар. Бірақ мен сенбеймін. Өз ойым", - дейді Бауыржан Ибрагимов.
Айта кетейік, былтыр 22 шілдеде Болат Назарбаевтың денсаулығына қатысты ақпарат тараған болатын. "Салиқалы ұрпақ" қорының директоры Қасым Қасабековтің сөзінше, Болат Назарбаев тұрақты ауыр жағдайда болған. Сонымен қатар, 2015 жылдан бері онкологиялық аурудан емделіп жатқаны белгілі болды.
Оған дейін БАҚ-та Болат Назарбаевтың фотосы мен видеосы жарияланған. Дереккөзге сілтеме жасалған мәліметте дәрігерлер Болат Назарбаевтың жағдайын ауыр, тіпті өте ауыр деп бағалағаны айтылған.
Еске салайық, 2 ақпанда Amanat партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров Болат Назарбаевтың заңсыз алған деп танылған жерлерін қайтаруға қатысты істің мән-жайын айтқан болатын.
Болат Назарбаевтың компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылды: істің мән-жайы
Партияның сайтында Саировқа сілтеме жасап, қазір Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Бұған дейін Бас прокуратурамен бірлесіп, аумағы 244 гектар 59 жер учаскесі анықталды, олардың меншік иесі күмәнді жағдайларда Болат Назарбаев болды.
Мәліметтерді растау үшін Tengrinews.kz тілшісі Саировқа хабарласқан еді. Ол Amanat партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес қоғамдық құрылым екенін түсіндірді. Егер оларға дабыл түссе, мемлекеттік органдардың кейбір нақты әрекеттерінің заңды немесе заңсыздығын анықтау үшін Бас прокуратураға жіберіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина