Бүгін «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында ҚР Инвестициялар мен даму министрі Әсет Исекешовтің, Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің, «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебековтың қатысуымен мәжіліс өтті.
Исекешов мырза «ИТП» АЭА аумағында жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар көрмесімен танысып, ИТП бас директоры Кеттебековтің ИТП кластері AlmatyTechGarden дамуы мен 2015-18 жылдарға жоспарланып отырған жобалар туралы баяндамасын тыңдады.
Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бірнеше стартаптың құрылымдық жүйелеріне қызығушылық танытып, үкімет пен қала әкімдігі инновациялық жобалардың өріс алуына үнемі қолдау білдіріп жатқанын атап өтті. Байбек мырза: «Қазақстандағы стартаптардың 80%-дан көп бөлігі Алматыда шоғырланған. Сондықтан Алматының экономикалық дамуы мұнайға тәуелді емес. Себебі қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының 35%-ын сауда өнеркәсібі көтеріп отыр. Одан бөлек, қолдау тапқан стартап-компаниялар жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр», — деді.
Кездесу барысында екі құжатқа қол қойылды. Бірінші құжат — ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі және Алматы қаласы Әкімдігі арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандум. Екінші құжат — «ИТП» аумағында құзыреттер мен энергияға тиімді технологиялар орталығын құру мақсатында Алматы қаласы Әкімдігі, «Инновациялық технологиялар паркі» Автономдық кластері және «Сименс» ЖШС арасында жасалған ынтымақтастық туралы үшжақты меморандум.
«Көптеген инновациялық жоба Алматымен тығыз байланысты. Айта кетсем, транспорттық, туристік, сонымен қатар, «Нұрлы Жол» бағдарламасына енген жобалар. Одан бөлек, Алматы қаласын қауіпсіз жасыл технологиямен қамтамасыз ету және смарт-қала құрылымын жүзеге асыру бағыттары жолға қойылған. Өндірістік экономиканы көтеру Алматы қаласы негізгі даму үдерісінің басты бағыты болып саналады», — деді Әсет Исекешов.
Айта кетсек, Алматы қаласында құрылған «Алатау» технопаркі инновациялық технологиялар мен IT-компаниялар ассоциациясын біріктіру мақсатында құрылған. Технопарктің басты мақсаты — бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру. Бұл үшін Қазақстан жоғары технологиялық өнімдер дайындауға қабілетті елге айналуы тиіс. Себебі инновация болашақта елдің ең басты құндылығына айналмақ.
«Инновациялық Технологиялар паркі» автономды кластерлік қорының құрылуына негіз болған және оның бас директоры Санжар Кеттебеков – «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі. Ол АҚШ-тың Пенсильвания университетінде білім алып, халықаралық IT-компаниялардың негізгі орталығы Силиконды алқапта өзінің Receptive атты компаниясын құрған. Кеттебеков «Өндірістік инженерия» саласында PhD ғылыми дәрежесін иемденіп, Массачусетс Технологиялық Институтында ұстаздық еткен. Санжар Кеттебеков көпжылдық тәжірибесін Қазақстандағы Силиконды алқаптың атмосферасын жасауға жұмсамақ.