Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап Massaget.kz. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің Twitter желісіндегі парақшасында хабарланды.
"Н.Назарбаев Алматы активіне қаланың жаңа әкімі Бауыржан Байбекті таныстырды", - делінген хабарламада.
Бауыржан Байбек - 1974 жылы 19 наурызда Алматы қаласында туған. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Гете институтын (Бремен қаласы, 1995) "Неміс тілі"; "Болашақ" бағдарламасы бойынша Любек қаласындағы Жоғары мектепті (ГФР, 1998) педагог; Орталық Азия университетін (2002) халықаралық экономист мамандықтары бойынша бітірген.
"Нұр Отан" ХДП мүшесі (2002 жылдан). 1999 жылдан - Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті , атташесі - ГФР-дағы ҚР Елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысы (Берлин қаласы). 2002 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы. 2003 жылдан - ҚР Президенті Хаттамасының ақпарат пен талдау секторының меңгерушісі, 2004 жылдан - бас инспекторы, 2006 жылдан - Хаттама жетекшісі. 2009 жылдың тамыз айынан бері ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Айта кетейік, осыған дейін Бауыржан Байбек атқарып келген "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Асқар Мырзахметов келген еді.