Батысқазақстандық ұстаз - “Қазақстанның Еңбек ері”

Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Тұңғыш рет екі мұғалімге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді, оның бірі батысқазақстандық  А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тіл мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова.

Эльмара Асқарқызы Траисова - педагогикалық тәжірибесі мол, облыс, қала педагогтарына танымал білікті маман. Ол №34 мектеп-гимназиясында 2007-2008 оқу жылынан бастап еңбек етіп келеді.

Эльмара Асқарқызы - білім беру жүйесінде оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыруда бүгінгі өмір талабы - сабақ өткізудің жаңа әдістері мен ақпараттандырылған оқыту технологияларын пайдаланып, оқушылардың өз бетімен жұмыстанып ізденуіне жағдай жасайды. Күнделікті сабақтарында ойын арқылы, интерактивті оқыту және ақпараттық коммуникативтік оқыту технологиялары элементтерін кеңінен қолданады.

Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша Эльмара Асқарқызы Қазақстан Республикасы филологтарының "Қазақстанда филологиялық білім берудің негізгі жолдары" тақырыбында өткен І съезіне делегат болып қатысты. Облыс көлемінде "Жас театр көрермені" әдеби драма үйірмесінің бағдарламасын құрастырды. Ол Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласында өткен пән олимпиадалары мен байқауларға әділқазы ретінде қатысып келеді. "Орыс тілі" мен "Орыс әдебиеті" оқулықтарын талдауға арналған Ғылыми республикалық білім беру орталығында эксперттік комиссия құрамында бар. Облыс мұғалімдерінен құрылған шығармашылық топ құрамында орыс тілі мен әдебиетінен 5-11 сыныптарға арналған тақырыптық-күнтізбелік жоспар құрастыруда әдістемелік көмек көрсетті.

Оқушылары жылма-жыл қала, облыстық, республикалық сайыс, олимпиадалардың жүлдегер-жеңімпаздары атанып келеді.

Эльмара Асқарқызы "Үздік педагог-2016" байқауының қалалық кезеңінде І орын, облыстан ІІ орын, республикалық деңгейінде жеңімпаз атанды. Есімі Халықаралық "Лучшие люди, лучшие в образовании" атты жинаққа енгізіліп, "Құрмет тақтасына" жазылды. Республикалық "Үздік авторлық бағдарлама" конкурсында ІІІ орынды жеңіп алды. Мұғалімдер арасындағы қалалық "Мой "Know How" в дистанционном формате" сайысында  1-орын, "Үздік авторлық бағдарлама" байқауының қалалық кезеңінде 2-орын иеленді. "Педагогикалық идеялар панорамасы" республикалық байқауының аймақтық кезеңінде "Орта білімдегі заманауи білім беру технологиялары. Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі" аталымы бойынша 2-орын, "Оқу сауаттылығы" аталымында 2-орынға ие болды.

Эльмара Асқарқызы – болашақта да шығармашылық жұмыстарын толықтырып, оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда жұмыстанатын жаңашыл, ізденімпаз мұғалім.

Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз