- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Батыс Қазақстанда тұрғындар...
Батыс Қазақстанда тұрғындар эвакуациядан бас тартып жатыр - ТЖД
БҚО ТЖД ресми өкілі Төлеуіш Нұржан Жайық өзенінде судың деңгейі қауіпті деңгейден асқанын, бірақ елді мекендегі тұрғындар эвакуациядан бас тартып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделі. Өйткені, Жайық өзеніндегі судың деңгейі әлі көтеріліп жатыр. "Қазгидромет" РМК мәліметінше, қазір ондағы судың деңгейі – 8 метр 62 см, ал қауіпті деңгей – 8 метр 50 см. Су қауіпті деңгейден 12 см-дан асты. Сондықтан облыста қауіптің беті сейілген жоқ", - деді Төлеуіш Нұржан ОКҚ-да өткен брифингте.
Оның айтуынша, биыл 25-26 сәуірде Орал қаласында судың деңгейі 9,5 метрге дейін көтеріледі деген болжам бар.
"Жайық өзенінің бойындағы 84 елді мекенде қауіптің беті сейілмеді. Өткен тәулікте 61 адам эвакуацияланды. Кеше Шаған өзенінің бойындағы Стеновик бауба-бақшасында дамбадан су өтіп кетті. Сондықтан шұғыл эвакуациялау жұмысы жүргізілді. Алайда эвакуациядан бас тартқан адамдар бар. Басты себеп – олар судың келетініне сенбейді. Қазіргі жағдайға байланысты мәжбүрлі түрде эвакуация жасау керек деп ойлаймын", - деді ресми өкіл.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Есен