- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Батыс Қазақстанда мердігерлер...
Батыс Қазақстанда мердігерлер миллиардтар бөлінген жолды жөндеуден бас тартқан
Батыс Қазақстан облысында биыл түрлі деңгейдегі көлік жолдарын жөндеуге 81 миллиард теңге бөлінген. Бірақ қаржыны игеруде кемшілік көп. Мысалы, Теректі - Ақсай жолын орташа жөндеу басталғалы 5 жыл болса да, тұрғындар соның шарапатын көре алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, былтыр салынған жолдар биыл бүлініп жатыр. Ал тендерді ұтқан екі мердігер құрылыстан бас тартқан. Әбдікәрім Омаров - Қарақұдық ауылының тұрғыны. Ол ескі көлігімен жолаушы тасымалдайды. Оның айтуынша, тұрғындар көктем-күзде жол азабын тартады.
"Жаңбыр жауса, балшыққа батып жетуіміз мұң болады. Мына жолға үлкен үміт артып едік. Сапасыз көріп тұрсыздар, "обочина" болу керек, қиыршық тас салу керек. Қазір ешқандай щебень жоқ. Егер жаңбырда шетке шықсам, кіріп кетем. Сапасын көрдіңіздер ғой", - дейді ол.
Теректі - Ақсай жолының ұзындығы - 82 шақырым. Жоба құны - 4,4 миллиард теңге. Соның алғашқы 28 шақырымы 2019 жылы салынды. Тағы екі бөлігі былтыр асфальтталған. Ал екі мердігер жұмыстан бас тартқан.
"Топырақ жатыр ғой. Сол топырақ үстінен жаңа материал салынады. 10 сантиметр щебень салынады, үстіне цемент салынады және топырақпен бірге қопарылады да бір қабат жаңа асфальт салынады. Бірақ бұрын басталған учаскелер, сол технология бойынша дефекттер пайда болды. Топырақты ауыстырмай жұмыс бастауға болмайды негізі", - дейді мердігер компания өкілі Дастан Шамуратов.
Алайда жол басқармасы мұнымен келіспейді. Олар бірнеше нысанды қатар алған компаниялар үлгермей жатыр, сол себепті сыныққа сылтау іздеп отыр деп санайды. Олар екі мердігерді де сотқа берген.
"Негізі жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Өзінің қорытындысы бар. Басқа мердігерлер дәл сондай жобаларды іске асырып, қазіргі таңда қабылданды. Подстепное - Федоров - РФ автомобиль жолын жөндеп жатыр. Сол себепті бүкіл ірі габаритті көліктер осы бағытпен жүріп жатыр. Сондықтан бұзылып жатыр", - дейді БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Сағиев.
Мамандардың сөзінше, салынған жолдарға кепілдік бар. Сол мерзімде ақаулар жойылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова