Батыс Қазақстан облысында оқушы аңшылық кезінде жарақат алғаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі өңірдің Полиция департаменті өкілінен ресми пікір сұрады.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға 3 ақпанда Ақжайық ауданы аумағында болған.
"Шамамен сағат 13.30-да аудан орталығы Чапаев ауылынан 11 шақырым жерде аң аулау кезінде 29 жастағы ер адам абайсызда аңшы мылтығынан 17 жастағы жасөспірімге оқ атқан. Салдарынан жасөспірім ауруханаға жатқызылды", - деп жазылған ведомство жауабында.
Сонымен қатар, тараған ақпараттарда 17 жастағы оқушы ағасымен бірге аң аулауға шыққаны, беті мен мойны жарақат алғаны айтылады.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігіне (абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтiру) сәйкес соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адамға мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе оған бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз