Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының күні қарсаңында "Таза Қазақстан" акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, Орал қаласында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Экологиялық сенбіліктер өңірдің барлық ауданын қамтыды. Қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, еңбек ұжымдары мен жергілікті тұрғындар көшелерді, қоғамдық аумақтарды және әлеуметтік нысандардың айналасын тазалауға қатысты.

"Жас Қанат" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламғали Саламат мұндай бастамалар тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
"Тазалық әрқайсымыздан басталады. Жастар мен тұрғындар сенбілікке бірге шыққанда, елді мекендерді көркейтіп қана қоймай, ортақ мақсат төңірегінде бірігеді. Табиғатқа жанашырлық таныту бір реттік акциямен шектелмей, күнделікті әдетке айналуы керек. Республика күні қарсаңында мұндай іс-шараларды өткізудің маңызы зор. Өйткені бұл мереке еліміздің болашағы үшін әрқайсымыздың жауапкершілігіміз бар екенін еске салады", - деді Исламғали Саламат.
Орал қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жергілікті өндірушілердің өнімдері ұсынылды. Сауда сөрелерінен көкөністер, жеміс-жидектер, көк шөптер, құс еті, сүт және шұжық өнімдері, жұмыртқа, нан-тоқаш өнімдері мен басқа да тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік болды.

Жәрмеңкеде картоп пен пияздың келісі 100 теңгеден, қырыққабат пен сәбіз 150 теңгеден, қызанақ 500 теңгеден, қияр 600 теңгеден, алма 500 теңгеден сатылды.
Суреттер: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі
Ауа райы жағдайына байланысты жәрмеңкеде ет және балық өнімдерін сатуға да рұқсат берілді. Саудада сиыр және жылқы етінің бағасы 3100 теңгеден басталды. Сондай-ақ балықтың бірнеше түрі ұсынылды.
Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға азық-түлікті қолайлы бағамен сатып алуға, ал жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға өткізуге мүмкіндік береді.
Республика күні қарсаңында облыста әлеуметтік және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда. Ақжайық ауданында мәдениет үйі ашылып, тұрғындардың мәдени іс-шараларға қатысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жаңа мүмкіндік жасалды.
Тасқала ауданында апатты тұрғын үйлерде тұрған азаматтарға арналған көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Орал қаласында экопарк ашылды. Сонымен қатар Подстепное - Фёдоровка - Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолы жаңартылды. Аталған жол өңірдің көлік қатынасы үшін маңызды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz