Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан Жәнібек ауданының екі тұрғынын құрықтады. Күдіктілер ұрланған малдың етін облыс орталығына тасымалдаған кезде ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көлікті тексеру барысында жайылымнан ұрланған екі ірі қараның сойылған еті табылды. Тергеу барысында малдың Жәнібек ауданының бір тұрғынына тиесілі екені анықталды.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілердің бірі осыған дейін аудан аумағында тағы үш рет мал ұрлығын жасағаны белгілі болды. Олар ұрланған малды сатып, айғақ заттар ретінде терілерін Сарыөзек өзенінің көпірінің астына тастаған.
Сонымен қатар күдіктілердің бірі малшы болып жұмыс істеп жүрген кезде қылмыс жасағаны анықталды. Тергеу барысында жақын маңнан ұрланған малдың көмілген терілері, бастары және басқа да бөліктері табылды. Сондай-ақ қылмыс жасауға пайдаланылған құралдар тәркіленді.
Қазіргі уақытта мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!