Facebook-те Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы Хан ордасы ауылында "адамдар жаппай қырылып жатыр" деген ақпарат тарады. Жазбада кейінгі 10-15 күнде ауылда 10-ға жуық адам жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны, олардың көпшілігі 50-ге де толмағаны айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
"Бұл ешкімді алаңдатпай ма? Ауылымыз Оралдан 600 шақырым жерде, жолы нашар. Сол себепті дер кезінде медициналық тексеруден өте алмай жатқан шығармыз. Мал жаппай қырылып қалса да тексере бастайды, ал мұнда адамдар қырылып жатыр", - деп жазған жазба авторы.
Алайда денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды және жазбадағы статистиканың шындыққа жанаспайтынын айтты. Былтыр осы кезде ауылда 13 адам қайтыс болған.
"Бұл ауылда жыл басынан бері 14 адам көз жұмған, өлім себептері анықталды. Біреуі ұйқы безінің онкологиялық ауруымен ауырды, екіншісі асфиксиямен ауырды, тамақ ішкен кезде тұншығып қалды. Тағы біреуі қайтыс болған кезде Атырауда болған. Тағы біреуі Ресейде тұратын, наурызда ауылға келген. Бір адам оқыс оқиғадан қайтыс болды, оның бас сүйегінің түбі сынған. Үшеуі созылмалы ишемиялық жүрек ауруынан зардап шекті. Біреуі бауыр циррозы болса, екіншісі қан қысымы мен қант диабетімен есепте тұрды, дәрі қабылдаған. Алайда ол дәрігердің айтқанын орындамай, алкоголь ішімдік ішкеннен кейін облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, емделді, бірақ 30 маусымда емдеу мекемесінде қайтыс болды", - дейді БҚО Денсаулық сақтау басқармасы Медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айгүл Құлбарақова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!