- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Батыс Қазақстан облысында...
Батыс Қазақстан облысында халықаралық өнер фестивалі өтті
17-23 мамыр күндері Батыс Қазақстан облысында "Түріксой" ұйымының 30 жылдығына арналған "Түркі әлемі" халықаралық өнер шеберлерінің фестивалі ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Фестиваль шеңберінде өткен халықаралық суретшілер симпозиумына Түркиядан профессор, суретші Алайбей Қараоғлы, Әзірбайжаннан Рафаэль Әлиев пен Гюнай Әскерова, Өзбекстаннан Бахром Рустамов, Қырғызстан елінен Алмазбек Шаршекеев пен Жаныбек Сүйүнбеков, Қазақстан атынан дарынды қылқалам шеберелері Отарбай Кендір, Қанат Оразов және Мэлс Отаров қатысты.
Түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық "Түріксой" ұйымы 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан мемлекеттері арасындағы өзара келісімшарт негізінде құрылған. Түбі бір түркі жұртының ортақ материалдық және мәдени игілігін сақтап, оны дамыта отырып, болашаққа, ұрпаққа аманат етуді көздеген түркітілдес елдердің халықаралық ұйымы биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.
"Атамекен" өнер ордасында Оралда алғаш рет ұйымдастырылған "Түркі әлемі" халықаралық өнер фестивалінің қорытынды гала-концерті өтті. Салтанатты кешке арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев 30 жыл бұрын қазақ жерінде негізі қаланған "Түріксой" ұйымы бүгінде түркі мемлекеттер арасындағы мәдениет пен руханияттың алтын көпіріне айналғандығын айтып, фестиваль қатысушыларына алғысхаттар табыс етті.
Мерекелік шарада Түркия елінен келген танымал опера әншісі Йылмаз Демирташ, Өзбекстанның халық әртісі Мансұр Ташматов, Татарстан Республикасынан келген жас әнші Зарина Хасаншина, Башқұртстан Республикасының халық әртісі Рамиль Гайзулин, Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ильхам Назаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Благодарный және Жаңылсын Хасанова, Ернар Өмірәлі, Айбар Хайырханов сияқты жергілікті өнер майталмандары өз өнерін ортаға салды.
Айгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан