Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Дубрава кешенінде өткен тұңғыш этникалық фестиваль қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұлықтауға арналды. Этнофестивальде тойдың барлық рәсімдері көрсетілді. Үйлену тойларының көне форматы жыл өткен сайын кеңейіп, ұрпақтар сабақтастығы шынайы көрсетіліп жатыр.
Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова жұртшылықты "Тойбастардың" ашылуымен құттықтап, этнофестивальдің мәні мен маңызын атап өтті. Осыдан үш жыл бұрын құрылған "Қазақ аналары" қоғамдық бірлестігінің қолөнершілері этноауылда қонақтарға жүнмен жұмыс жасау бойынша шеберлік сабағын көрсетті. Этнофестивальде ұлттық құндылықтар насихатталып, той алдындағы дәстүр дәріптелді. Ақ жаулықты әжелер ән әуелеткен әдемі кеште қызға сырға салу, құда түсу, қыз ұзату, ауыл ақсақалдарының екі жасқа бата беруі, беташар көріністері көпшілік көңілінен шықты.
Жайық өңірінен жиналған қолөнер шеберлері жүннен жасалған бұйымдар, көрпе-жастық, құрақ-көрпе, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, тұрмыстық бұйымдардан бастап, түрлі тәттілер мен ірімшік, сүт өнімдерінен жәрмеңке жасады. Жәрмеңкедегі жергілікті тауар өндірушілердің таза, табиғи өнімдер келушілердің қызығушылығын тудырды.
"Тойбастар" этнофестивалі жеті аудан кәсіпкерлерінің басын қосты. Біздің қолөнершілер ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, ауылда өндіріспен айналысып жатыр. Мұндай шаралар ауыл еңбеккерлерінің басын қосып қана қоймай, экономикалық жағынан да тиімді. Кәсіпкерлеріміздің жасаған бұйымдары сапасы, мазмұны және жан-жақтылығы жағынан әлемдік брендтерден кем түспейді. Сондықтан ауылдағы бизнеске жан-жақты қолдау көрсету қажет", - деді Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.
Этнофестивальде өңірдегі дизайнерлердің заманауи нақыштағы ұлттық киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Ақжайықтық Жанна Шәкірбаева, теректілік Жәмила Өтепқалиева, қаратөбелік Құндыз Иманғалиева және басқа дизайнерлердің этнотоптамаларын, жұртшылық жылы қабылдады. Батыс өлкесінде өткен ұлттық болмысты ұлықтаған мерекені көпшілік көпке дейін айта жүрері анық.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!