Батыс Қазақстан облысында 889 отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстан облысында 889 отбасы баспаналы болды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Биыл Батыс Қазақстан облысына тұрғын үй құрылысына 29,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 49 тұрғын үй құрылысы және халықтың әлеуметтік жағдайы осал топтары үшін 758 тұрғын үй сатып алу қарастырылған. Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен 790 тұрғын үй қолданысқа беру жоспарлануда.

Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мәлімдеді.

"Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 10,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Орал қаласы мен облыс аудандарында 25 ИКИ нысанының құрылысы қарастырылған. Оның ішінде Орал қаласының Ақжайық шағынауданындағы өтпе жолдар құрылысы, кәріз сорғы станциясы және көтергіш сорғы станциясының құрылысы, жаңадан салынған тұрғын үйлердің алаңішілік инженерлік-коммуникациялық желілерін салу және аудандарын абаттандыру қарастырылған. Сондай-ақ Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтау үшін көтергіш сорғы станциясының құрылысы, Ақжайық және Бөрлі аудандарындағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін инженерлік желілермен қамтамасыз ету нысандары бар", - деді Әлібек Сайынұлы.

Облыс бойынша ауыл халқының таза ауыз сумен қамтылуы 95,8%. Биыл жалпы 35 мыңнан астам тұрғыны бар 22 ауылдық елді мекенге орталықтандырылған ауыз су желісін тарту жоспарлануда. Биыл облысқа әлеуметтік сала нысандарының құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттерден 30,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдары 9 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын салу көзделуде.

Батыс Қазақстан облысы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 889 тұрғын үй құрылысы салынса, оның ішінде 438-і аудандарда қарастырылған. Тұрғын үйлер құрылысын 60-қа жуық жергілікті мердігер жүргізді. Бүгінгі таңда барлық 889 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға кілттері табысталды.

Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан