Батыс Қазақстан облысында 108 орындық жаңа мектеп ашылды

Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Жарсуат ауылында 108 орындық жаңа мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді.  

КПО Б.В. компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары шеңберінде салынған жаңа білім ошағында 12 заманауи оқу кабинеті, 2 шеберхана, информатика кабинеті, спорт залы, кітапхана, 70 орындық акт залы және 30 орындық асхана бар. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен жабдықталған. 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, ауылдық жерлерде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық мектептерді жаңғырту және оларды қажетті жабдықтармен толық жабдықтау жөнінде нақты тапсырма берді. Бүгінде біз бұл жоспардың іс жүзінде қалай іске асырылып жатқанын көріп отырмыз. Жарқыраған жаңа білім ошағы  балалар үшін білім мен дамудың орталығына айналсын", - деп сөзін сабақтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа мектептің оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынына сенім білдірді.

КПО Б.В. компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев өз сөзінде облыстық әкімдікпен бірлескен жоба аясында аталмыш компания ауылдық жерлерде  15 мектеп салғанын атап өтті.

Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!