Батыс Қазақcтан облысында бүтін бір ауыл сусыз отыр. Тіршілік нәрінің тапшылығынан тұрғындар мен төрт түлік кезектесіп су ішетін күнге жеткен. Ал алақандай ауылдағы ауқымды мәселені шешуге атқарушы билік қауқарсыз дейді жиналғандар. Әкімдіктен үмітін үзгендер су тартудың жолын тапқанымен, қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
600-ге тарта тұрғыны бар Қоңыр ауылында тамшы су таппай қалатын күндер көп болады. Су сорғысының жиі істен шығуынан ел әбден шаршаған. Тіпті тұрғындар мен қорадағы төрт түлік тіршілік нәрін кезекпен ішетін күнге жетіпті. Өйткені 70 шақырымдағы аудан орталығынан алдыртқан ауыз су адамға жетсе, малға жетпейді. Малға жетсе, үй тірлігіне артылмайды.
"Бес жыл болды ал. Қыста да, жазда да. Ал енді жігіттерді шаршаттық. Ауданды да шаршаттық. Бірақ ешқандай артынан сұраныс болған жоқ. Бақылау болған жоқ. Солай қалды. Сырым ауданына түгел су беріп жатыр. Бес елдімекен. Ауданның орталығы. Бәріне Жосалыдан су барып жатыр. 70 шақырым жерден. Ал біз теңіздің үстінде отырып, суға жарымаймыз. Ауылдың халқының ренжитіні сол", - дейді тұрғын Серік Рақымов.
Аңқасы кепкен тұрғындар шенеуніктерден мәселені жаңа жылға дейін шешіп беруді сұрайды. Себебі қақаған қыста қара судан қағылудың бейнеті көп. Бір қызығы алақандай ауылдағы проблеманы жергілікті билік үлкен іске айналдырып алғанымен, бұқара бұны реттеудің жолын бес саусағындай біліп отыр. Тек қаржы тартудың көзін тапса болды дейді.
"Кезінде бізге құбыр тартқан. Ауылға дейін 120-лық құбыр қоюдың орнына, бізге 63-тік кішкентайын қойып кеткен. Соның себебінен бізде үнемі моторы тартпай жанып кете береді. Бес-алты ай сайын. Сол себепті екі айдың ішінде бізге сол құбырды ғана ауыстырып берсе. Қайта-қайта жігіттер келіп жасап жатыр. Келіп насосты салады қазір, ол көп болса бес ай істейді де, жанып кетеді", - дейді ауыл тұрғыны Қанат Қатжанов.
Ал әкімдік әзірге мәселеленің себебімен емес, салдарымен күресіп әлек. Нақтырақ айтқанда, күйіп кеткен су сорғыларын ауыстыруымен ғана шектеліп отыр.
"Қазір істеп тұрған екі насостың орнына бір насос жұмыс істеп тұрды, күні кешеге дейін. Жоғарыда орналасқан үйлерге көлікпен ауыз су тасымалданып берілді, күнделікті. Халық сусыз болған жоқ. Енді қазіргі уақытта бұл насостың, не болмаса электр желілеріне байланысты ма, ақау, немесе құбыр қысымына, сығымына байланысты ма, соны қазір мамандар анықтап жатыр. Жергілікті биліктен үмітін үзген ауыл тұрғындары құбырларды ауыстыру үшін жеке кәсіпкерді де тауып қойғанын айтты. Бірақ ол жұмысты бастауға қаржы қолбайлау болып тұр", - дейді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!