Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақы ресми түрде табысталды. Жас тілшілерді қолдауға арналған степендияны Журналистика факультетінің 4 курс студенті Бағдат Сұлтанқызы жеңіп алған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс-шараға Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев бастаған бір топ ұстаздар қатысты. Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақы үздік студенттерге мотивация беру мақсатында оқу жылы бойы үздіксіз беріледі.
"Бұл шара биыл екінші мәрте өткізіліп жатыр. Шәкіртақыға 20-30 шақты үміткерлердің арасынан оқ бойы озып шыққан Бағдат Сұлтанқызы болды. Біз көп балалы отбасыдан шыққан, өзіне сенімді, болашақта үмітімізді ақтайтын студентті таңдап алдық деп ойлаймыз. Журналистика факультетінің ұстаздарына осындай үздік шәкірттерді дайындағаны үшін алғыс айтамыз", - деді Massaget.kz сайтының бас редакторы Қуаныш Әбілдақызы
Ал журналистика факультетінің ұстаздары шәкірттерінің жеткен жетістігі үшін шын жүректен қуанышты екенін айтты. Айта кетейік Батыр Қазыбаев 2022 жылы 27 наурызда 53 жасында өмірден озды. Ол Tengrinews порталының негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы болды. Қазақ елі үшін бірнеше маңызды медиа жобаларды іске асыруға атсалысқан тұлға атындағы стипендия алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!