Гвардейск гарнизонының Мәтібұлақ полигонында әскери міндеттілер жиынның соңғы кезеңіне кірісті. Осыдан бір ай бұрын Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан шақырылған 1500 әскери міндетті қызу дайындықтан өткізіліп жатыр. Әскери міндеттілердің мұндай көлемдегі жиыны Қарулы күштерде алғаш рет болып отыр. Бұған дейін әрі кетсе 150 адам қайта дайындықтан өтуге шақырылып келген болатын. Massaget.kz тілшісі "Батыл-Тойтарыс 2023" стратегиялық командалық-штабтық жаттығуына барып, дайындықты көзбен көріп қайтты.
Жиынға қатысушыларды оқытуды тәжірибелі нұсқаушылар бронды, артиллериялық және мотоатқыштық бағыттар бойынша жүргізді. Сондай-ақ жұмылдыру резервін оқыту теориялық және практикалық кезеңдерде өткізіліп жатыр.
Әскери міндеттілер теориялық курстан кейін әскери техника мен қару-жарақта практикалық сабақтарды орындауға кіріседі. Шартты қарсыластың диверсиялық топтарының шабуылдарын тойтарып, стратегиялық нысандарды күзету мен қорғауды ұйымдастыру, сонымен қатар танк құрамасын өрістету жүргізіледі.
Әскери жаттығуға денсаулығы жарамды жігіттер ғана шақырылады. 40 жасқа дейінгі солдаттар мен 50 жасқа дейінгі офицерлер әскери дайындықтан өтеді. Бұрын әрбір отан алдындағы борышын өтеген запастағы сержанттар мен офицерлер заң бойынша әр 5 жыл сайын әскери дайындықтан өтуге міндетті.
Әскери дайындық 7 жаттығу алаңында өтті. Сарбаздар әр алаңда түрлі жаттығуларды пысықтады. 3 аптадан бері дайындықта жүрген азаматтардың ұрыс алаңында ысылып қалғанын аңғаруға болады.
Жаттығу кезінде жоғары дәреже көрсеткен сарбаздармен сұхбаттасудың да сәті түсті. Ақниет Мақкиев есімді әскери борышын өтеуші танкіге қарсы қол гранатасымен нысананы дәл көздеп, мергендігімен танылды.
"Алматы қаласынан әскери дайындыққа шақырылдым. РПГ-7, яғни танкіге қарсы қол граната атқышымен жаттығу үстіндеміз. Келгеінімізге 3 апта болды. Атудың түрлі тәсілдерін үйреніп жатырмыз. Гранатаметпен атуды осы жерде алғаш рет үйрендім. Эмоциямды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен өзім кішкентай кезімнен осы қаруға қызығатынмын. Барша ер азаматтарды отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын", - дейді ол.
"Менің жасым 33-те. Отан алдындағы борышымды өтеуге шақыртумен келдім. Мен бұрында снайпер болғанмын. Алматы қаласында тұрамын. Жүргізуші болып қызмет атқардым. Физикалық тұрғыдан маған қиын емес. Күніне 2-3 шақырым жүгіреміз. Ал ұрыс алаңындағы жаяу жүрісті қоссақ 12-16 шақырымға жетеді", - дейді Артем есімді снайперші.
"Әскери бөлім басқармасы әскери міндеттілерді қабылдап, киім-кешекпен, қару-жарақпен қамтамасыз етіп, қазіргі таңда Мәтібұлақ оқу полигонында әскери бөліммен оқу-жаттығу жиыны өтуде. Бригадының жеке құрамы жауынгерлік даярлық кезеніңде қажетті тяжірибе жинақтап, сеніп тапсырған қару-жарақпен әскери техниканы сапалы меңгеріп, жоғары нәтеже көрсетуде. Жұмылдыру жиының сонында рота, батальондармен тактикалық жаттығу өткізіліп, дайындықтарына баға беріледі", - дейді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев.
Сонымен қатар қолбасшы әскери жиындардың негізгі мақсаты әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, әскери-оқытылған резервті даярлау және олардың запаста болуы, әскери дайындықтың талап етілетін деңгейі мен әскери міндеттілердің жауынгерлік қолдануға дайындығын қолдау екенін атап өтті.
Әскери дайындықтан өтушілерге барлық қажетті жағдай жасалып, дала нағыз сарбаз академиясына айналды. Айта кетейік, бір ай дайындықтан өткен сарбаздарға бұрынғы жұмыс орнында алған жалақысы толық төленеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз