Отбасылық жұп Дидар мен Әсия әр демалысында саяхаттағанды жақсы көреді. Олар 1,5 жыл Бали аралында тұрып келді. Жақында Қазақстанға келген саяхатшы жұппен балиліктердің мәдениеті мен ерекшелігі туралы Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Алғашқы саяхат Балиден басталды"
Дидар мен Әсия 2017 жылы Астанада танысып, жарты жылдан соң үйленген.
"Дидар ол кезде ТЖД-да өрт сөндіру инспекторы болып жұмыс істеді. Мен ағылшын тілі пәнінен сабақ бердім. Саяхаттамас бұрын біз Атырауға көшіп, бірнеше жыл сонда тұрдық. Сол кезде біз жұмысымызды онлайн режимге ауыстырып, фриланс болуға көштік. Басында онлайн оқытушы болдым, кейін SMM мен маркетинг саласын оқып алдым. Ал жолдасым веб-дизайнды меңгерді. Түрлі жобалар, сайттар жасаумен айналысты", - деді Әсия.
Олардың бірге барған алғашқы саяхаты 2019 жылы басталған.
"Бали елін таңдадық та, саяхатқа аттандық. Саяхат бір айға созылды. 3 апта бойы Балиде, төрт күн Куала-Лампурда, екі күн Ташкентте болдық. Мұның бәрі бізге қатты ұнады. Келесі саяхатымызды жоспарладық. Алайда карантин басталып кетті де, бара алмадық. 2021 жылы барлығы ашылған соң Грузия мен Түркияға аттандық. Қайта Қазақстанға келгенде қыс болды. Сосын мұндай мезгілдің бізге ұнамайтынын түсіндік те ұзақ уақытқа Балиге көшудің қамын жасай бастадық", - деді Дидар.
"Ата-анамыз қатты таңғалды"
Олар Балиге 2021 жылы желтоқсанда көшкен.
"Біз біраз уақыт дайындалдық. 2019 жылы барған кезде бұл елді зерттеген болатынбыз. Өзіміз туралы да ойланып, онлайн жұмыс іздедік, ақша жинадық. Содан кейін ғана біз көшуге шешім қабылдадық. Бізде ол кезде қосымша табыс, онлайн жұмыс істеуге біліміміз бар болды. Психологиялық жағынан қиын болғаны рас. Себебі қанша дегенмен алыс. Ал ұзақ уақытқа заттарыңды жинап, сол жақта тұру оңай емес. Біз Қазақстандағы барлық техникаларымызды, көлігімізді сатып, пәтерімізді жалға бердік. Сөйтіп, екі чемоданмен кеттік", - деді Әсия.
Балиге көшу туралы шешімін ата-аналарына айтқанда қатты таңғалған.
"Бұл жаңалығымызды ата-анамызға айтқанда олар қатты таңғалды, сосын сұрақтың астына алды. Біздің алысқа көшетінімізге және ол жақта қалай тұратынымзға қатты уайымдады. Бірақ біз Қазақстанға келіп тұратынымызды айтып, түсіндірдік. Сөйтіп, олар бізді қолдады", - деді Дидар.
"Жергілікті халық дінді қатты ұстанады"
Олардың айтуынша, Балидің мәдениеті Орта Азия елдерінен бөлек.
@2travelerslife спустя 1.5 года путешествий мы в Казахстане #казахстан #вказахстане #аэропортастана ♬ оригинальный звук - Путешествия • Асия & Дидар??
"Себебі Индонезия мұсылман мемлекеті. Ал Балидің өз діні, өз мәдениеті бар. Біз үшін ерекше әрі қызық болды. 2019 жылы барғанда біз жергілікті храмдарға барып, мерекелерін тойлап , дәстүрін ұстанғанбыз. Негізі жергілікті балиліктер дінді қатты ұстанады. Әрбір үйде храм бар. Жергілікті адамдар мен көшіп келгендерді бірден байқауға болады. Мәселен, жергілікті халықтың 90 пайызы аралдан шығып көрмеген", - деді Әсия.
Алғашқы үш ай олар үшін үйрену айы болған.
"Басында өзіміз үйренген азық-түлік алып, үйден тамақтандық. Бірақ тамақ ішу орындарынан тамақтансақ та сол ақша шығатынын білдік. Сөйтіп, асханадан күніне екі мезгіл тамақтандық. Таңғы және түскі асты қосып, кешкі асты ертерек ішіп жүрдік. Бұл бізге өте қолайлы болды. Бастысы екеумізге ыңғайлы жерді таңдайтын едік. Күніне 5-7 долларға шығатын", - деді Дидар.
"Үй жалдау ақысы - 100 мың теңге"
Дидар мен Әсияның айтуынша, Балиде өмір сүру бюджеті тиімді.
"Бізде тек виза алу үшін ғана көп ақша жұмсауға тура келді. Көбінесе ақшамыз виза, медициналық сақтандыру , жалдамалы үйді төлеуге кетті. Бірақ көп уақыт тұрғанымыз үшін жалдау ақысына жеңілдік жасады. Ай сайын 100 мың теңге төледік. Балиде, бізге ұнағаны - үй алған кезде оның ішінде тазалық жасау, төсек-көрпе ауыстыру, интернет тегін болды. Яғни, мұның бәрі сол жалдамалы үйдің ақысына кірді. Қарап тұрсаңыз, Қазақстанмен салыстырғанда өте арзан. Содан кейін көлік жалға алдық. Ол 50 доллар шамасында болды", - деді Дидар.
Балиде олар қазақстандықтардың көп екенін айтты.
"2019 жылы Балиге барғанда біз тек бір қазақты кездестірдік. Қазір айтарлықтай көп. Олармен танысып, араласып тұрдық. Балиде австралиялықтар көп. Бұған себеп арзан рейстер әрі ел-жердің жақындығы деп ойлаймын. Америкалықтар мен европалықтарды да көп кездестіруге болады. Көрген адамдар бізді жапон, қытай, сингапурлықтармен жиі шатастырды. Басында ыңғайсызданатын едік, кейін үйреніп кеттік", - деді Әсия.
"Бали пайдалы болды"
Олар Балиде онлайн жұмыс істеп, әрі демалған.
@2travelerslife ты уже был на Мальдивах? #бюджетныепутешествия #лоукостер #астанаказахстан #абудаби #мале #мальдивы #всевключено ♬ оригинальный звук - Путешествия • Асия & Дидар??
"Аралдарға бардық. Бұрын бала кезімізде "Баунти" деген шоколадта аралдарды көрсетуші еді ғой. Сол Гили аралы екен. Өте әдемі, суреттеп айтуға келмейді. Бірақ Гили аралында өмір сүру ыңғайсыз, тек қыдырып демалуға болады", - деді Дидар.
Отбасылық жұп Балиге саяхат қай жағынан да пайдалы болғанын айтты.
"Біз саяхат кезінде әлемнің әр бұрышынан келген жандармен таныстық, достар таптық. Күйеуіммен бірге саяхаттаған қатты ұнады. Ол ағылшын тілінің деңгейін көтерді. Қазір еркін сөйлейді. Суда жүзу спорты - серфингке қызығып, үйреніп алды. Мен йогамен айналыстым. Қазір де үзбей жасаймын. Жалпы Балиден көп нәрсе үйрендік", - деді Әсия.
"Жаңа елге баруды жоспарлап қойдық"
Дидар мен Әсия Балиде тұрғысы келетіндер алдымен демалысқа аз уақытқа барып көргені дұрыс екенін айтты.
"Мұндағы өмір сүру ритмі кейбіреулерге ұнамауы мүмкін. Мысалы, біздің бір танысымыз бір ай Балиде тұрып келді де, ол жақта тұрған ұнамайтынын түсінді. Сосын Малайзияға кетті. Оған сол жақтың өмірі қызық болды. Балидегі қарапайым, баяу тіршілік кейбіреуіне ұнамайтыны рас. Сол үшін барып, сезініп қарау керек. Кейін соған орай шешім қабылдайсыз. Біз жалпы айналамыздағы адамдарға, өзімізідің оқырмандарымызға үнемі алдымен Балиге екі аптаға ғана барған дұрыс деп айтамыз. Себебі аралдың тыныс тіршілігін түсіну үшін солай ету керек",- деді Дидар.
Балидің артықшылығына тоқталсам, онда күн жылы болғандықтан киімге шығын аз болады.
"Балиден соң біз Шығыс Азия елдеріне барып, жарты жылдай саяхат жасадық. Малайзия, Филиппин, Сингапур, Вьетнам,Таиланд және Мальдив аралы және Біріккен Араб Әмірлігінде болдық. Осы бір жарым жыл ішінде біз 4,5 млн теңге жұмсадық. Біз 5-7 күндік турмен баратын демалыстарды саяхат деп санамаймыз. Саяхат біз үшін арнайы жоспарлап, өзіміз зерттеп, ұйымдастыратын, мәдениетімен танысатын елге бару. Біз әр саяхатымызды осылай ұйымдастырамыз. Әзірге Қазақстандамыз. Жаңа елге баруды жоспарлап қойдық. Ол үшін бізге виза алу керек. Қазір жауабын күтіп отырмыз", - деді Әсия.
Еске салайық, бұған дейін "Алғаш 25 жасымда ұшаққа міндім". Әлем аралап жүрген жұп саяхатты қалай әдетке айналдырғаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Туған күн туралы қандай әндер бар?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!