Шымкентте 2025 жылдың алғашқы үшемі дүние есігін ашты. 22 жастағы әйел екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді. Дәрігерлер оны кесарь тілігі арқылы босандырып алған. Бір айға жуық перзентханада жатқан нәрестелер үйге шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
22 жастағы келіншек 34-аптада босанды. Үшемнің қазіргі жағдайы жақсы. Шымкенттік әйел жүктілігінің де, босанудың да жеңіл өткенін айтты.
"Басында сенген жоқпын. Бірінші УДЗ-да айтты, 4-аптада білдік. Балалардың жағдайы, шүкір, жақсы бәрі, менің де жағдайым жақсы. Бәріне рақмет, өте жақсы қарады", - деді үшемнің анасы Жәмила Ақылбек.
Дәрігерлер әйелді кесарь тілігімен босандырып алған. Нәрестелердің қазіргі салмағы - 2 770, 2 410 және 2 095 грамм. Олар бірнеше күн жансақтау бөлімінде, кейін патология бөлімінде жатқан. Қазір мерзімінен бұрын туған сәбилердің жағдайы бірқалыпты.
"Бұл кісі патология бөлімінде жатты. Мерзіміне байланысты жоспарлы түрде оперативті жолмен босанды. Жағдайлары қазіргі таңда жақсы", - деді №2 қалалық перзентхананың акушер-гинекологы Шолпан Тастанбекова.
"34-аптасында дүниеге келді. Бірінші бөпенің салмағы 2 380, екіншісі - 1 925, үшіншісі - 1 860 болды. Мерзімінен ерте туғанына байланысты жағдайы ауыр болып, жансақтау бөлімінде бес күндей ем қабылдады. Кейін жағдайының жақсаруына байланысты патология бөліміне ауыстырдық", - деді №2 қалалық перзентхананың неонатолог-реаниматологы Сурайе Шадиметова.
Осылайша, Мұқановтар отбасы зор қуанышқа кенелді. Бұл - әулеттегі алғашқы үшем. Баланың анасы ғана емес, барлық туысы қуанып, әрі қобалжып жүр.
"Менен бақытты адам жоқ шығар. Қобалжып тұрмын. Қуаныштымын, бәріне рақмет! Қолғабыс беріп, қол ұшын созған дәрігерлерге рақмет! Барлығына бұйырсын, осындай бақыт, осындай қуаныш!", - дейді үшемнің әкесі Ерболат Мұқан.
Балаларға ат таңдаған кезде жақындары ұзақ ойланған. Үшемге Әбілқайыр, Айлана және Әлтайыр есімдері берілді.
Айта кетейік, бұл - 22 жастағы әйелдің алғашқы жүктілігі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лес